Өзбекәлі Жәнібековті еске алды

Dalanews 28 там. 2018 12:05 1404

Жақында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қызметкерлері  ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтіеске алу шарасын өткізіп, құран бағыштады. 28 тамыз – халқымыздың салт-дәстүрінің білгірі, еліміздегі музей ісінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні.

Осы орайда "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен белгілі қоғам қайраткерін еске алу жиыны өтті. Шараға ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің нұсқауымен Тайқазанды Түркістанға қайтару жолында аянбай еңбек еткен "ӘзіретСұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бұрынғы директоры, қазіргі ардагер, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаров, қоғам қайраткерінің қарындасы Айғаным Серім, қоғам қайраткерінің өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Адырбекова Баян Садыққызы, ХҚТУ «Тарих» кафедрасыныңдоценті Тұрсын Хазретәлі және тарихшы-ғалымдар мен музей қызметкерлері қатысып, естеліктерімен бөлісті.

– Өз ағам өте ерекше жан болған. Ол тек туған-туыстың ғана емес барша қазақтың ағасына айналды. Жүзге, руға бөлінгенді жаны қаламайтын. Қазақтың салт-дәстүрлеріне де өте байыппын қарайтын. Жеңгем де ағамның осындай қасиеттерін толықтыруға лайықты жан болды. Қазаны оттан түспеуші еді. Қазақтың қаншама жақсы-жайсаңдары ағамның шаңырағындағы берекелі дастарханнан дәм татты. Өзім жастайымнан ағама еркелеп өстім. 5 жыл қолында тұрып, тәрбиесін алдым. Қызметі мен отбасына бірдей көңіл бөлетін адалдығы, ағалық ақылдары әлі де көз алдымда тұрады, – дейді қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серім.

Ал, Тайқазанның елге оралуына көп еңбек сіңірген Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаров өзге елде тұрған Түркістанның жәдігерін елге қалайда қайтару жолында барын салған Өзбекәлі Жәнібековтің өз ұстанымы мен болашағына деген көзқарасының беріктігіне тоқталды.

– Өзекең тарихи-мәдени мұраларды сақтау, музейлендіру және айналасын көріктендіріп, абаттандырумен бірге оны пайдалану барысында барлық мұраның рухани тәрбиелік мәніне, тарихи маңызына көңіл аударып отыратын жан болатын. Бірде музей жұмысын жандандыру бағытында жасаған жұмысымызға көңілі толмаған кейіп танытты. Тым ашулы. Сөз астарынан ұғындырды. Меңзегені-Тайқазанды қайтарып алу. Жұмысымыздың басты мағынасы, ұрпақ үшін маңызы – сол құны мұрада екенін білсек те мұнда алуға жол табу әсте қиын. Бұл мәселе Өзағамды терең ойландырғаны байқалды. Ақыр түбінде тікелей өзі ұйытқы болуымен-бұл қуанышқа қол жеткізуімізге жол ашып берді, – дейді ардагер музей басшысы Нұрмахан Назаров.

– Өзбекәлі аға жайында айтылар тарихи әңгімелер таусылмақ емес. Оның артында қазақ халқының құндылықтарын сақтап қалу жолында сайраған іздер жатыр. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қоржыны бүгін тағы да құнды мұралармен толықты.  Тарих тұлғасына тән төл дүниелерінің бір бөлігін Айғаным апа да әкеліп табыстап отыр. Іс-шарамыз алддағы уақытта да жалғасын табады. Музей ісі жолында еңбегі орасан қоғам қайраткері біз үшін аңыз, мақтаныш болып қала бермек, – деп келелі ойлар мен тың деректерге толы ерекше жиынға қатысқан қонақтарға ізгі лебізін білдірген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің басшысы Нұрболат Ахметжанов арнайы сый-сияпаттар табыстап, Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серімнің иығына ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген комзол және ақ орамал жапты.

ХҚТУ «Тарих» кафедрасының доценті Тұрсын Хазретәлі де Қазақстандағы музейлердің басым бөлігінде Өзбекәлі Жәнібековтің алтын іздері жатқандығын айтты. Рухани жаңғыруда сол кезеңнен бастаған ұлт қайраткері ұлттық киім, дәстүрмен қатар өнер және мұралар жолын сақтауда айрықша еңбек еткендігін тарихи деректерге сүйене отырып жеткізді.

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Сарықамыс ауылында қарапайым жанұяда дүниеге келіп, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы нәтижесінде жоғары білім алған. Еңбек жолындағы қызметін шәкірт тәрбиелеуден бастап, бойындағы тума талантының арқасында саяси қызметте аудандық комсомол комитетінен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің Хатшысына дейінгі қызметтерді атқарған. Ө.Жәнібековтің өмір жолында қызмет бабымен Қазақстанның қай өңіріне барса да ел басқарудағы ерекше қасиеттері, халқымыздың қазынасы-ұлттық өнер, салт-дәстүрді дәріптеудегі өнегелі істері ұшан-теңіз. Сондықтан да халқымыздың біртуар ұлы Ө.Жәнібековті туған жері, тек оңтүстік өңірі ғана емес барша қазақ мақтан тұтады.

Төрткүл дүниеге аты мәлім, түркі жұртының ортақ шаңырағы - Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанның Санкт-Петербургтің Эрмитаж музейінен 54 жылдан соң елге оралғанына дейін қаншама тар жол тайғақ кешуді бастан өткергені белгілі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музей етіп құруда, Тайқазанды елге қайтарып, қайта орнына орнықтыруда сол кезде мәдениет саласында қызмет атқарғанӨзбәкәлі Жәнібековтің сіңірген еңбегі орасан.

Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қорында Жәнібеков есімімен байланысты біршама жәдігерлер бар. Ол 1978 жылдан бастап қорық-мұражай қорына өткізген Қабіржапқыш, Қоңырат кілем, Шұғыла кілем, бөлме жиһазы (Асадалға ұқсас жасалған), кесене тарихы мен осы өңірдің тұрмыс-тіршілігіне, жағрафиясына қабысатын тағы да басқа жәдігерлерді Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайынан алдырып, қорық-мұражай қорына табыстаған. Соңғы жылдары көз майын сарқып «Алтынай», «Адырна» фольклорлық ансамбль қызметкерлеріне ұлттық нақышта тіктірген көйлегі, немересі Әзелге Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесіне орай тіктірген қазақы көйлегі (1989 жыл), сондай-ақ тұтынған заттары да жинақтала бастады.

Артына мол мұра қалдырған дара тұлғаның қазақ халқына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Оның қаламынан туған еңбектерінде «Эхо», «Жолайрықта», «Ежелгі Отырар», «Уақыт керуені», «Қазақ киімі», «Тағдыр тағылымы» сынды баға жетпес мұраларының орны ерекше.

Белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туған күніне орай ұйымдастырылған еске алу жиынынан соң "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы бастаған шараға қатысушылар Отырар ауданындағы кесенесіне барып құран бағыштады.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар