Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Цифрлық кодекс – Қазақстанның цифрлық негізі» тақырыбы кеңінен талқыланды. Іс-шараға ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева және министрлік өкілдері қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жиын барысында Dalanews.kz. тілшісінің тарапынан жасанды интеллектінің білім беру саласына әсері туралы сұрақ қойылды. Атап айтқанда, ЖИ оқыту сапасын қалай жақсартады және ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайта ала ма деген мәселе көтерілді.
Бұл сұраққа жауап берген вице-министр Дмитрий Мун жасанды интеллектіні тиімді енгізудің кілті мұғалімдерді оқыту екенін атап өтті.
«Ең алдымен, мұғалімдерді жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйрету өте маңызды. Егер мұғалім цифрлық құралдарды дұрыс пайдалана алса, ол сол білімді балаларға жеткізеді. Сонда ғана жасанды интеллект оқушының әлеуетін ашатын, білім сапасын арттыратын нақты құралға айналады», – деді ол.
Спикердің айтуынша, ЖИ мұғалімді алмастырмайды, керісінше, оның жұмысын жеңілдетіп, әр оқушыға жеке тәсілмен білім беруге мүмкіндік жасайды. Бұл әсіресе ресурсы шектеулі ауыл мектептері үшін маңызды. Дұрыс дайындықтан өткен педагогтар арқылы цифрлық технологиялар өңірлер арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайта алады.
Жауабын жалғастырған Дмитрий Мун қазіргі кезде оқушылардың жасанды интеллектіні үй тапсырмасын орындауда шамадан тыс қолдана бастағанына да тоқталды.
«Қазір кейбір балалар үй жұмысын орындағанда ЖИ-ді шектен тыс пайдаланып, өздері ойланбай қояды. Соның салдарынан ми жұмыс істемей, талдау жасау, логикалық ойлау қабілеті әлсіреуі мүмкін. Сондықтан біз балаларды емес, алдымен мұғалімдерді оқытуымыз керек. Мұғалімдер жасанды интеллектіні қалай дұрыс қолдану керегін үйретсе, оқушы да оны көмекші құрал ретінде ғана пайдаланып, өз бетінше ойлануды сақтайды», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, жасанды интеллект баланың орнына ойланбауы керек, керісінше, ойлауға көмектесетін құралға айналуы тиіс. Сол себепті білім беру жүйесінде ЖИ-ді енгізу мәдениетін қалыптастыру басты міндеттердің бірі.
Осылайша, Цифрлық кодекс аясында жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу тек технологиялық жаңару емес, ең алдымен адами капиталды мұғалімдерді дамыту арқылы жүзеге асатын үдеріс екені баса айтылды.
