Өткен жылы Алматы облысында 15 спорт кешені салынған

Dalanews 27 мам. 2021 12:01 843

Алматы облысында өткен жылы 818 орындық 4 жатақхана салынды. Сол сияқты өңірде 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде қойылған сұраққа жауап берген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс басшысы өз сөзінде «Талдықорғанда жоғары оқу орны – Жетісу университеті орналасқан. Бірнеше жылдан бері аяқсыз тұрған құрылыс нысанының орнына осы университет студенттеріне арнап өткен жылы 288 орындық заманауи, барлық талапқа сай Студенттер үйін салып бердік. Бұдан бөлек бізде үш колледжге де жатақхана тұрғызылды» деді А. Баталов. Атап айтқанда, Талдықорған медколледжіне – 280, политехникалық колледжіне – 200, Бастөбе сервистік колледжіне 50 орындық жатақхана салынып, пайдалануға берілген.

– Елбасының 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы тапсырмасына сәйкес жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Бүгінгі таңда облыста 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Олардың қатарында Нарынқол, Бақанас ауылдарындағы да спорт кешендері бар. Осы нысандарда балалар бокс, гимнастика, күрес сияқты көптеген спорт түрлерімен еркін айналыса алады. Кешен ауласында футбол алаңдары да қарастырылған, – деді А.Баталов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар