"Отбасы банк" өз қызметкерлерінің заңсыз сыйақы алған бірнеше дерегін анықтады. Олар клиенттер мен риелторларға көмектесіп, тұрғын үй кезегін алға жылжытқаны үшін ақша алған. Банк бұл фактілерді жасырмай, құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Қазір бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Банктің есебіне сәйкес, заңсыз сыйақы алу деректері 2025 жылы анықталған. Кейбір қызметкерлер клиенттермен қатар риелторлардың, нотариустар мен жеке сот орындаушыларының мүддесін қорғап, олардың мәселесін шешу үшін ақша алған.
"2025 жылы клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін ілгерілету, тұрғын үй кезегін жылжыту үшін заңсыз сыйақы алған банк қызметкерлері анықталды", - делінген есепте.
Тағы бір заңбұзушылық банктің филиалдарының бірінде тіркелген. Қызметкер несие алғысы келген азаматтардың табысын жоғары етіп көрсету үшін жалған анықтамалар дайындаған. Бұл құжаттар клиенттердің төлем қабілетін растау үшін несие өтінімдеріне қосылған.
Аталған фактілерге қатысы бар қызметкерлер жұмыстан шығарылды. Банк олармен еңбек шартын «сенімнен айырылуына байланысты» тоқтатқан. Ал жиналған материалдар құқық қорғау органдарына беріліп, тергеу басталған.