Отбасы банк баспана бөлуді толық цифрлық форматқа көшірді

Отбасы банк баспана бөлуді толық цифрлық форматқа көшірді

Қазақстанда тұрғын үйді бөлу үдерісі жаңа цифрлық модельге көшті. Отбасы банк бұл жұмысты автоматтандыру үшін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» цифрлық платформасы мен orken.otbasybank.kz порталын іске қосты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – азаматтардың деректерін тексеруден бастап, тұрғын үй алу талаптарына сәйкестігін анықтауға дейінгі негізгі процестер адамның тікелей араласуынсыз жүзеге асырылады.

Платформа 15 мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған. Жүйе өтініш беруші туралы мәліметтерді автоматты түрде салыстырып, қайталанатын ақпаратты анықтайды және азаматтың тұрғын үй бөлу талаптарына сәйкестігін тексереді.

Осылайша әрбір отбасы бойынша қажетті мәліметтер жинақталған цифрлық карта қалыптасады. Бұрын мамандардың қатысуын және бірқатар құжатты тексеруді қажет еткен жұмыстар енді автоматты режимде орындалады. Бұл бір жағынан қағазбастылықты қысқартса, екінші жағынан тұрғын үй бөлу кезінде адам факторының ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Цифрландыру тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға да жаңа мүмкіндіктер ашты. 2026 жылдың шілдесінен бастап, олардың жеке кабинеті Otbasy bank мобильді қосымшасында қолжетімді болды. Енді азаматтар смартфон арқылы өз мәртебесін, санатын, есепке қойылған күнін және өңірін тексере алады. Сондай-ақ ЭЦҚ арқылы дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беруге мүмкіндік бар.

Жыл соңына дейін қосымшаның функционалы тағы кеңеймек. Азаматтар мобильді қосымша арқылы тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұрып, тұрғын үйді бөлуге қатысу үшін қажетті келісімге қол қоя алады.

Бұл өзгеріс ауылдар мен шалғай елді мекендерде тұратын азаматтар үшін де маңызды. Бұған дейін бірқатар қызметті алу үшін компьютер пайдалану немесе аудандық, облыстық орталыққа бару қажет болса, енді негізгі рәсімдерді смартфон арқылы орындауға мүмкіндік жасалады.

Мемлекеттік қолдау шаралары аясындағы тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар Отбасы банкке 32188 тұрғын үй нысанын тапсырды.

Оның 20321-і «ЖАО-дан жалға берілетін тұрғын үй» бағытына тиесілі. Бүгінге дейін соның 15511-і бөлінді. Ал «Несиелік тұрғын үй» бағыты бойынша банкке 11867 баспана беріліп, 6922 қарыз рәсімделді.

Бұл көрсеткіштер жаңа модельдің тұрғын үй бөлу қарқынына да әсер еткенін аңғартады. Бұған дейін әкімдіктер жылына орта есеппен 7 мыңға жуық пәтер бөлетін. Бұл жұмысқа елімізде шамамен 700 қызметкер тартылған.

Қазір бұл маңызды міндетті Отбасы банктің небары 20 маманы атқарады. Ал автоматтандырудың нәтижесінде тұрғын үйді бөлу қарқыны бұрынғыдан үш есе артқан.

Осылайша цифрлық жүйе тек қызметкерлер санын оңтайландыру құралы емес, тұрғын үй бөлу тетігін жеделдетудің негізгі факторларының біріне айналып отыр.

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы алдағы жылдары да жалғасады. 2021 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған 143400 қазақстандық өз баспанасына қол жеткізді.

Ендігі меже бұдан да ауқымды. 2033 жылға дейін Отбасы банк бағдарламалары арқылы тағы 292 мың адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Тұрғын үй бөлу жүйесін цифрландыру осы міндетті жүзеге асырудың негізгі тетіктерінің біріне айналмақ. Автоматтандыру, мемлекеттік базалармен интеграция және мобильді сервистерді дамыту тұрғын үйге мұқтаж азаматтар үшін қызметті қолжетімді етіп қана қоймай, баспана бөлудің ашықтығы мен жылдамдығын арттыруға бағытталған.