"Отбасылы адаммен қарым-қатынасы болған": Бишімбаев сотта өз нұсқасын мәлімдеді

Сағыныш Сардарова 01 сәу. 2024 15:08 4713

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы әлі де жалғасып жатыр. Сот отырысы барысында басты айыпталушы ретінде Бишімбаев осы іске қатысты өз нұсқасын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бишімбаевтың сөзінше, Салтанат Қазақстанда танымал отбасылы адаммен кездескенін мойындаған.

"Сол күні кешке ол маған мойындады. Мен одан неге бұлай жүйкесі сыр беріп жүргенін сұрадым. Одан түсіндіріп беруін сұрадым. Тойдан кейін 3-4 күн өткен еді. Ол менің кабинетімде бір адамның суреті тұрғанын айтты. Суретте мен онымен бірге (Нүкенова айтып отырған адаммен бірге - еск.) түскенмін. Ол бір кездері сол кісінің ашынасы болғанын айтты. Мен онымен таныспын. Әрине, бұл ақпарат мені есеңгіретіп тастады.

Одан 20 жастай үлкен, 4 баласы бар, Қазақстанда кәдімгідей танымал адам. Тек есімін айтайын, оның есімі - Райымбек.

Мен ренжідім, ол адамды білемін. Жұмыс бойынша бір кездері кездескенбіз. Ортақ танысымыз да көп. Бізде бір-бірімізге бәрін ашық айтатын уақыт болған кезде олай істемегеніне ренжідім. Одан неге айтпағанын сұрадым. Ол "бұл біздің қарым-қатынасымызға әсер етеді" деп қорыққанын жеткізді", - деді Бишімбаев.

Сонымен қатар, бұрын да сотты болған экс-министр өзге де адамдардың есімдерін атады. Оның сөзінше, Салтанат отбасылы адамдармен кездескен.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Ал бүгінгі сот отырысында Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкеновамен қалай танысқанын да айтты.

"Мен оны Instagram-нан көрдім. Оған астрологиялық болжамға барған қыз астрологтар туралы айтты. Маған астрология қызық болды. Одан көрсетуін сұрадым. Танысым Instagram-нан танымал астролог деп көрсетті. Әдемі қыз екенін көрдім, Instgram-ын қарап шықтым. Оның жігіті бар екенін де көрдім. 2022 жылы мамырдың аяғы еді. Танысым жігіті бар екенін, үйленгелі жатқанын айтты. ...Біраз уақыт сырттай ғана бақыладым. Бір жолы оның қабылдауына жазылғым келді. Бірақ көмекшісі онлайн түрде де, тірілей де ер адамдарды қабылдамайтынын айтты.

Тамыздың аяғында сол қыз (танысы - еск.) той болмайтынын, (Салтанат - еск.) тұрмысқа шыққалы жатқан жігітімен айрылысқанын жеткізді. Танысуға мүмкіндік бар екенін түсіндім. Камила деген қыздан астрологиялық болжамға жазылуын өтіндім. Ал әңгіме барысында "досым бар, оның да келгісі келеді" деп айтуын өтіндім. Маған танысу, бір жағынан астрология туралы білу қызық болды. Камила Салтанаттың қабылдауына барған. Олар достасып кеткен. Бір-біріне қыздарға қатысты оқиғаларын айта бастаған. Салтанат жігітімен айрылысқанын да айтқан. Менің дос қызым "осындай адам бар, сені Instagram-да көрген, танысқысы келеді" деген. Камиламен телефонмен сөйлесіп жатқанда, "өзің сөйлесіп көргің келе ме, жанымда отыр" деді. Мен телефон арқылы танысып, амандастым. Салтанат "сіз келген кезде астрологиялық болжам өткізе аламын" деді. Кейін Қазақстанға келдім.

Салтанат ұзақ уақыт астрологиялық болжамды өткізгісі келмеді. Содан соң оған ашығын жаздым. "Шынын айтсам, болжам қызық емес, сіз маған қатты ұнап қалдыңыз, танысып көргім келеді, кешкі асқа шақырсам" дедім. Ол 1-2 күн жауап бермеді. Үшінші күні "кездесе аламыз" деді. 6 қыркүйек болуы керек, біз кездестік", - деді Бишімбаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар