Отандық өндірушілерге басымдық: дүкендерде жаңа ереже

Самал Асқар 06 ақп. 2026 13:10

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған жаңа бастама әзірленді, деп хабарлайды Dala News.

Сауда және интеграция министрлігі сауда желілерінде қазақстандық жаңа брендтерге жеңілдетілген шарттармен орын беру тетігін көздейтін түзетулер жобасын дайындады. Құжатқа сәйкес, тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген жаңа отандық брендтер өз өнімін дүкен сөрелеріне кемінде үш ай мерзімге жеңілдікпен орналастыра алады. Ол үшін өндіруші тарапынан жазбаша өтінім беру жеткілікті.

Сонымен қатар, жаңа ережелер сауда субъектілеріне жабдықтарды, тауарлар мен шикізатты отандық кәсіпкерлерден сатып алу талабын бекітуді қарастырады. Бұл ішкі өндірістің жүктемесін арттырып, жергілікті бизнестің нарықтағы үлесін кеңейтуге мүмкіндік бермек.

Түзетулер жобасында тағы бір маңызды шектеу енгізіледі. Субсидиялау және кредиттерді кепілдендіру туралы шарт жасалғаннан кейін бір жыл ішінде жалдау ақысын өсіруге тыйым салу ұсынылып отыр. Бұл шара кәсіпкерлерді күтпеген шығындардан қорғауға бағытталған.

Құжат 2026 жылғы 20 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды. Министрліктің мәліметінше, ұсыныстар мен ескертпелер ескерілгеннен кейін түпкілікті шешім қабылданады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove