Марафон бойы әлеуметтік желілердегі NIS-тің Ұлы Жеңіске арналған онлайн форматта майдан және тыл ардагерлерімен кездесу, «Ұлы Жеңіске тағзым» ерлік сабақтары өтіп, «Менің отбасымның ардагер батыры» зерттеу жобаларының қорытындысы жарияланды. Қашықтан «Ол күндердің даңқы өшпейді» ән челленджі, «Мен батырдың ұрпағымын» арт челленджі, «Ұлы Жеңісті жырлаймыз» көркемсөз оқулары көптің қызығушылығын тудырды.
Әр мектепте оқушылар отбасы мұрағатында сақталған майдан хаттары мен суреттерін көрсеткен «Соғыс туралы монолог», «Майданнан хат», «Отты жылдар жаңғырығы – отбасымда» деректі фильмдері дайындалды. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі соғысқа қатысты жеке мұрағаттар көтерілді. Дала поштасынан жолданған әрбір сарғайған үшбұрыш хатта бейбіт өмір туралы армандар мен жоспарлар, үй іші және жан достармен хабар алмасу, туған жеріне деген сағыныш жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Дамир Бекеновтің атасы Қадан Бекенов Берлинді алуға қатысқан. Қарағанды қаласындағы НЗМ-нен Мирас Дауытқазының атасы, әскери дәрігер Шәріп Сексенов майдан даласында 15 500-ден астам ота жасапты.Өскемендік зияткер Алдияр Аубакировтың атасы Махмет Қайырбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп мұғалімі Эльмира Акимованың әкесі, ұстаз Тұрсын Акимов сұм соғыс басталысымен өз еркімен майданға аттанған. Алматылық химия-биология бағытындағы мектептің оқушысы Богдан Мироновтың атасы Григорий Миронов Ладога көлінің әйгілі «Өмір жолымен» Ленинград блокадасына азық-түлік жеткізген. Қостанайдағы Зияткерлік мектеп оқушылары Диар мен Санжар Куставлетовтер атасы Абдрахман Куставлетов өзінің ұлы Ахметбекті атқыштар мектебінде кездестірген туралы естелік сақталғанын айтады. Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептен Батырхан Сарсеновтың атасы Шамсутдин Сарсенов кеңес барлаушылары құрамында Тегеран конференциясында «Үлкен Үштік» көшбасшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. «Білімге ұмтылыңыздар!» – шымкенттік физика-математика бағытындағы мектеп оқушысы Абылай Кеңестің атасы Анас Алимов немерелеріне осындай өсиет қалдырды. Жеңіс марафоны кезінде отбасы мұрағатындағы әсерлі, жан теберінтер жүздеген бірегей оқиға баяндалды.
Соғыс жылдарында Орал қаласының үш аэродромынан әйгілі ұшқыштар Хиуаз Доспанова мен Леонид Беда әуеге көтерілген, бірінің орнында қазір Назарбаев Зияткерлік мектебі бой көтерген. Денсаулығына байланысты майдан қатарына алынбаған Әділбек Демесінов бар мүлкіне әскери ұшақ сатып алып, тылда нағыз ерлігімен танылған.
Иван Сусанин атындағы костромалық мұражайда 53-ші Сусанин ретінде Байшыған Бектұрлиев аты тұр, оның ерлігінің арқасында Қазақстанның батысында Гурьев мұнай өңдеу зауытына бара жатқан жау десанты жойылған, аты аңызға айналған ақсақал – оралдық Зияткерлік мектеп оқушылары Әли мен Мерей Есенгелдиндердің атасы. 9 мамыр күні павлодарлық зияткер Аружан Халықованың апасы, тыл ардагері Күлжаупар Қожановаға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин атынан «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» мерейтойлық медалі табысталды. Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірімділік көпірі» еріктілер клубы жүргізген әлеуметтік-зерттеу қорытындысы бойынша «Менің тағдырымдағы соғыстың қалдырған іздері» атты жинағы жарық көрді. Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен «Кестелi орамал» акциясы кезінде оқушылар мен мұғалімдер соғыс пен тылда тер төккен ардагер туыстарының атын кестелеп жазды. Жеңіске 75 жыл толғанда Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Светлана Озган әріптестерінің көмегімен атасы Озган Косановтың жерленген жерін тапты, отбасы бұл іздеуді 1943 жылы бастаған екен.
Жүздеген әңгімелер мен фильмдер, майдан хаттары мен суреттер – барлығы да Ұлы соғыстың және оның майданы мен тылында ерлік көрсеткен ең жақын адамдардың шынайы әрі егжей-тегжейлі келбеті, ал ондағы кейіпкерлердің аты марафонға қатысушылардың мақтан тұтар тегіне айналған. Естеліктер лентасында оқушылар Жеңіс күнін неліктен көзді жасқа толтыра тойлайтын мереке екенін түсінгендерін, майдан хаттары мен суреттер, жерлеу туралы хабарламалар, орден кітапшалары, әскери марапаттар, ардагерлердің қол сағаттары – әрбір қазақстандық отбасы үшін құнды жәдігерлер екеніне көз жеткізгендерін мойындады.
«Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз!» марафоны Назарбаев Зияткерлік мектептерінің барлық оқушылары үшін ерлік пен отансүйгіштен сыр шерткен шынайы сабаққа айналды. Қазіргі таңда NIS желісінде электронды «Естеліктер мұрағатын» жасау қолға алынған. Айтулы марафонды дәстүрлі түрде жыл сайын мамырдың бірінші онкүндігінде өткізу жоспарланып отыр.