Ота кезінде ағзасында дәке қалып кеткен: қызылордалық науқас медициналық мекемеден 1,5 млн теңге өндіріп алды

Ота кезінде ағзасында дәке қалып кеткен: қызылордалық науқас медициналық мекемеден 1,5 млн теңге өндіріп алды
Фото: ЖИ

Қызылорда облысында ота кезінде науқастың ағзасында дәке тампоны қалып кеткен. Оны дәрігерлер тек екі айдан кейін жасалған екінші операция кезінде анықтаған. Науқас сотқа жүгініп, медициналық мекемеден 1,5 млн теңгеден астам өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоғарғы соттың мәліметінше, ер адамға бастапқыда кистаны алып тастау үшін операция жасалған. Алайда отадан кейін оның жарасы ұзақ уақыт жазылмай, қатты ауырсынған және қабыну басталған.

Екі айдан кейін науқас басқа медициналық мекемеге жүгініп, қайта операция жасатқан. Сол кезде дәрігерлер алдыңғы ота жасалған жерден қалып қойған дәке тампонын – марлеоманы алып шыққан. Бұл дерек операция хаттамасымен, медициналық құжаттармен, бейнежазбамен және екінші емдеу мекемесі өкілінің түсініктемесімен расталған.

Кейін медициналық қызмет сапасын бақылауға жауапты орган жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, алғашқы операция кезінде міндетті талаптар толық сақталмаған, ал науқастың отадан кейінгі жағдайы тиісті деңгейде бақыланбаған.

Сонымен қатар медициналық құжаттарды толтыруда да кемшіліктер болған. Күнделікті жазбалар толық жүргізілмеген, зерттеу нәтижелеріне клиникалық түсіндірме берілмеген және операция кезінде алынған материалдарды зерттеу туралы мәліметтер көрсетілмеген.

Науқас екінші операцияның шығынын өзі төлеген. Осыдан кейін ол материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеуді талап етіп, сотқа жүгінді.

Сот ұсынылған дәлелдерді зерттеп, медициналық мекеменің кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді. Нәтижесінде науқастың пайдасына материалдық шығын мен моральдық зиян үшін 1,5 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.