Өскеменде вейп сатқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қаракөз Амантай 26 мау. 2024 12:32 2323

Өскенменде вейпті заңсыз сатқан кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Бұған дейін яғни, 20 маусымнан бастап Қазақстанда вейптерге, оларға қажет хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға, әкелуге және өндіруге тыйым салынды. Заңды бұзғандар қылмыстық жауапкершілікпен жазаланады.

23 маусымда Өскеменде бір реттік вейпті байланыссыз іске асыру фактісі бойынша сотқа дейінгі алғашқы тергеу басталды. Оларды сату әлеуметтік желілерде жарнама орналастыру арқылы жүзеге асырылды, төлем банктік қосымша арқылы қабылданған.

"Сатушыға 200 АЕК (738 400 теңгеге дейін) мөлшерінде айыппұл немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жаза қолданылады", - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, вейпті рұқсат етілген жерде ғана қолдануға болады. Ал вейпті рұқсат етілмеген жерде қолданған жағдайда 3 АЕК айыппұл салынады. Биыл бұл 11 076 теңге.

Тыйым салынған затты сатуға тырысқандарға жаза қаттырақ: 200 АЕК (738 400 теңге) немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу.

Вейптерді әкелу және өндіру ережелерін бұзғандар үшін заң одан да қатаң шараларды көздейді: 2000 АЕК-ке (7,3 миллион теңге) дейін айыппұл салынуы мүмкін, ал осы саладағы жүйелі бұзушылықтар немесе қылмыстық әрекеттер үшін айыппұлдар бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру мүмкіндігімен бес мың АЕК-ке (18,4 миллион теңге) дейін ұлғайтылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар