25 желтоқсан күні Өскемен қаласында бес қабатты тұрғын үйдің кіреберіс есігінен жігітті тоқ соғып, ол ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға Протозанов көшесіндегі №31 үйде болған. Тұрғындардың айтуынша, аталған үйдің домофонынан шамамен бір ай бойы адамдарды тоқ соғып келген. Алайда мәселе дер кезінде шешілмеген.
Куәгерлердің сөзінше, соққан тоқтың күші соншалық, ер адамды бірнеше метрге дейін лақтырып жіберген. Тұрғындар бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер келген кезде жігіттің жүрегі тоқтап қалғаны анықталып, реанимациялық шаралар жүргізілген. Кейін ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Тұрғындар жағдайға алаңдаушылық білдіріп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде. Олардың айтуынша, үйде қарт адамдар көп тұрады, ал мұндай қауіп кез келген уақытта қайталануы мүмкін.
Өскемен қаласының әкімдігі оқиғадан хабардар екенін мәлімдеді. Электр тоғының таралу себебін анықтау үшін оқиға орнына “Исток” ПИК қызметкерлері шақырылған.
Әкімдік мәліметінше, алғашқы болжам бойынша, тоқ соғудың көзі “Алма домофон” ЖШС қызмет көрсететін домофон болуы мүмкін. Оқиға орнына тұрғын үй қатынастары бөлімі мен Техникалық басқару орталығының өкілдері барып, тексеру және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Қауіптің алдын алу мақсатында домофон электр желісінен ажыратылған.
Кейінірек әкімдік тоқ соғуға есік жақтауына орнатылған прожектор шамы себеп болуы мүмкін екенін хабарлады. Аталған құрылғы ажыратылып, қауіп толық жойылған.
