Облыс орталығында «Oskemen Open-2024» атты халықаралық шахмат турнирі басталды. Шығыста тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа 15 елдің белгілі гроссмейстерлері қатысуда, деп хабарлайды Dalanews.kz Altainews.kz-ке сілтеме жасап.
Кіл мықтылар бақ сынайтын турнир KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мұрындық болуымен өтуде.
Тоғыз күнге созылатын жарыс швейцариялық жүйе бойынша өтетінін айту керек. Ұйымдастырушылардың ақпаратынша, жарыс екі турнирден құралады. Мәселен, «Masters» турниріне рейтингі 1 900-ден төмен емес 15 елдің 120-дан астам спортшысы қатысса, «Open» жарысында рейтингісі 2 100-ден аспайтын 74 ойыншы өзара мықтыны анықтайды.
– Біз үлкен шахмат турнирін өткізуді Астана мен Алматы сияқты мегаполистер үшін ғана емес, еліміздің барлық аймақтары үшін қалыпты нәрсеге айналдыруға ұмтыламыз. Ашық турнир сериясын өткізіп жатқанымыз да сондықтан. Бүгінгі жарысқа әлемнің үздік шахматшыларын шақырдық. Ондағы мақсат – жергілікті ойыншылардың үздіктермен ойнап, тәжірибе жинақтауына, сондай-ақ отандастарымыздың шахмат спортына деген қызығушылығын арттыруға жағдай жасау. Бізге қолдау білдіріп жатқан облыс басшылығына, сондай-ақ бизнес қауымдастыққа айрықша алғыс айтамыз, – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Айта кетер жайт, халықаралық шахмат турнирінің ашылу салтанаты Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ғимаратында ұйымдастырылды, алдағы шахмат бәсекелері де дәл сол жерде өтпек. Ашылу салтанатының құрметті қонақтары болған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов пен облыстық шахмат федерациясының төрағасы, кәсіпкер Ануар Рахимов қатысушыларды турнирдің басталуымен құттықтап, оларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Белгілі болғандай, биылғы «Masters» турниріне 20 гроссмейстер мен 29 халықаралық шебер қатысады. Арасында 2023 жылғы Қазақстан кубогінің иегері Мануэль Петросян мен Арам Акопян (екеуі де – Армениядан), қытайлық Сюй Сянюй мен Бай Цзиньши, ирандық Бардия Данешвар, Үндістан спортшысы С.П.Сетураман мен Өзбекстан құрамасының үздігі, 2022 жылғы Олимпиада чемпионы және 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Жахонгир Вахидов та бар.
«Oskemen Open» турнирі биылғы Қазақстан кубогі үшін жарыстың екінші кезеңі екенін де айту керек. Бірінші кезең – мамыр айының соңында Ақтөбеде өтсе, үшінші кезең ойындары 13-21 қазан аралығында Павлодарда ұйымдастырылмақ. Кубок үшін жарыстың қорытындысы қараша айынның ортасында Алматыда нокаут жүйесі бойынша өтетін финалда белгілі болады.