Өскеменде басы дауға ілінген прокурор жұмысынан айырылып тынды

Кәмшат Тілеухан 04 қаз. 2025 14:01

Өскемен қаласы прокуратурасы бөлімінің прокуроры В.Б. Пан 20 тәулікке қамауға алынып әрі жұмысынан босатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлағандай, құқық қорғау органын беделден түсіретін теріс қылық жасағаны үшін Өскемен қаласы прокуратурасы бөлімінің прокуроры В.Б. Пан "Құқық қорғау қызметі туралы" ҚР Заңына сәйкес прокуратура органдарынан босатылып, "1-сыныпты заңгер" шенінен айырылды.

"2025 жылғы 3 қазандағы Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соттың қаулысымен В.Б. Пан ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды", делінген прокуратура хабарламасында.

Айта кетсек, алдында желіде ШҚО-да бір прокурор көлігімен электр бағанына соғылып, оқиға орнынан ізін суытпақ болғаны туралы ақпарат жария болған. Ал тексеру кезінде оның қанынан алкоголь мен марихуана табылған көрінеді. Ресми орган түсініктемесінде бұл жағы нақтыланбайды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыдағы тергеу изоляторында экс-судьяның жан тапсырғаны туралы ақпарат тараған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар