Өскемен мен Семейге қоқысты сұрыптап жинау үшін 2856 контейнер мен 12 қоқыс тасу көлігі жеткізілді

Dalanews 17 нау. 2021 15:00 911

Наурыз мерекесі қарсаңында Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер мен арнайы техниканы тапсыру рәсімі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстанның екі қаласы үшін барлығы 2856 контейнер және 12 жаңа қоқыс тасығыш сатып алынды. Айта кетейік, биыл ШҚО және Семей қаласының әкімдігі Еуропа қайта құру және даму банкімен қаржыландыру туралы келісімге қол қойған болатын. Аталған жобаны жүзеге асыруға 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Биылдан бастап қала тұрғындары қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған контейнерлерді басқаша пайдаланатын болады.

Өңірде ҚТҚ-ны бөлек жинау үш фракция бойынша жүзеге асырылады: «жеңіл» пластикті, қағазды және металды, «ауыр» – шыныны, «дымқыл» –қайта өңделмейтін қалдықтар тасталынады.

– Бүгін Еуропа қайта құру және даму банкімен және «Оператор ӨКМ» ЖШС-мен бірлескен жұмысымыздың кезекті нәтижесін көріп отырсыздар. Тапсырма тиімді орындалды. Осылайша, Өскемен және Семей қалаларында 100 мың тоннадан қатты және басқа да қоқыс түрлері қайта өңделетін болады. Қазіргі уақытта адамдарға қоқысты бөлек контейнерлерге дұрыс сұрыптауды насихаттау маңызды, бұл экологиялық мәдениетке тағы бір жақындату болады, ол үшін жағдай жасалған, – деп атап өтті ШҚО әкімі Даниал Ахметов. – Өз кезегімізде, біз Өскемен мен Семей тұрғындары үшін тарифтік мөлшерлеме 2023 жылдан кейін тиімді әрі ыңғайлы болуы тиісті жұмыстарды жүргізудеміз.


Рәсім барысында Семей қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебі мен Өскемен қаласының №39 орта мектебі үшін 300 мың теңгеден арнайы сертификат табысталды. Оқушылар бір жылдан астам уақыт бойы қоқысты дұрыс сұрыптау жұмысын насихаттап келеді. «ӨКМ Операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевтің айтуынша, сертификат қайта өңделген шиналардан жасалған ылғал үнемдеу технологияларын сатып алуға арналған. Бұл әдіспен су тамшылары арқылы жерасты ылғалдандырғыштар жүйесінен топырақтың тамыр қабатына тікелей түседі.

– Жарты жылдан астам уақыт бойы біз "жасыл мектеп" жобасын әзірледік. Соңғы бір жарым жыл ішінде мектеп оқушыларының ата-аналарына балалардың қоқыс тастайтын контейнерлермен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіріп келеміз. Асханада, спортзалда және дәліздерде қол қойылған үш кішкене контейнер бар. Сабақтан кейін біз мектеп автобусына отырып, қоқысты қайта өңдеу зауыттарына, ал қайта өңделмейтіндерін полигонға апарамыз. Біз алты тоннаға жуық макулатураны, сондай-ақ бес тонна пластикті тапсырдық. Берілген ақшаға мұғалімдермен бірге мұқтаж жандарға азық – түлік жиынтығын сатып алдық, оларды ертең "игі істер" марафоны аясында таратуды жоспарлап отырмыз, – деді Семей қаласының "№ 3 орта мектебінің оқушысы Манас Марат.

Өскемен қаласы үшін ӨКМ Операторының қаражаты есебінен "жеңіл" қайталама шикізатты жинау үшін сары түсті 760 пластик контейнер және қалдықтарға арналған қоңырау үлгісіндегі 514 көк контейнер сатып алынды.

Семейде «жеңіл» қайталама шикізатты жинау үшін 1050 торлы контейнер және шыны сынықтары үшін 532 контейнер орнатылады. Қайта өңдеуге қайталама шикізатты жекелеген қоқыс тасығыштар әкететін болады.


Бұдан басқа, Өскемен және Семей қалаларында 2021 жылдың қыркүйегінде жылына жалпы өндірістік қуаты 200 000 тонна ҚТҚ болатын екі автоматты қоқыс өңдеу желісін іске қосу жоспарлануда. Бұған қосымша, жергілікті бюджет және қоқыс шығаратын ұйымдар қаражаты есебінен тамақ қалдықтарын жинауға арналған 2000-нан астам контейнер сатып алынады, 10 қайталама шикізатты стационарлық қабылдау пункттері орнатылады және сұрыптаудың автоматтандырылған желілерін орналастыруға арналған құрылыстар құрылысы қаржыландырылады. 2022 жылы қалдықтарды өңдеу деңгейін кемінде 30%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар