Өскемен мен Өзбекстан арасындағы туризм мен агросалада жаңа жобалар жүзеге асады

Ақтоты Жапатова 10 шіл. 2025 09:40

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен кездесті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысы мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың алдағы перспективалары, әсіресе агроөнеркәсіптік кешен мен туризм саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, туризм саласында осы маусымда Өскемен – Ташкент – Самарқанд – Бұхара бағытындағы пойыз бағыты қайта жанданады, сондай-ақ облыс орталығынан Өзбекстанға тікелей әуе рейстері ашылады. Өз кезегінде, өзбекстандық тарап өз еліндегі танымал туристік бағыттар туралы ақпаратпен бөлісті.

Агроөнеркәсіптік кешен саласында Шығыс Қазақстаннан Өзбекстанға өсімдік майы мен бал экспортын ұлғайту бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылуда.

Іскерлік әріптестіктің өзге де бағыттарының қатарында – Өзбекстанда салынатын АЭС үшін ядролық отын жеткізу мүмкіндігі және өндірістік қалдықтарды көму мен қайта өңдеу саласында тәжірибе алмасу қарастырылып отыр.

"Конструктивті диалог аясында бірқатар негізгі бағыттар бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру Шығыс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты жаңа, стратегиялық маңызды деңгейге көтереді", – деп атап өтті облыс әкімі.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізін «Мәңгілік достық туралы», «Стратегиялық әріптестік туралы», «Одақтастық қатынастар туралы» және «Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы» халықаралық-құқықтық құжаттар құрайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуына мемлекет басшылары арасындағы тұрақты диалог шешуші рөл атқаруда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар