Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қай-қайсы да – батыр

Dalanews 26 қаз. 2023 11:22 1308

Төтенше жағдайлар қызметінде еңбек ететін әрбір өрт сөндіруші, әрбір құтқарушы – батыр. Оларға басқа теңеудің қажеті шамалы. Соңғы бір жылдың өзінде осы анықтамамыздың растығына қаншама рет көзіміз жетті. Абай облысындағы орман өрті, Қостанайдағы дала өрті, Қарағанды өңіріндегі шахтада орын алған жарылыс, Екібастұздағы жылу электр станциясының істен шығуы... Бәрі-бәрінде Төтенше жағдайлар министрлігіне қарайтын мекемелердің қызметкерлері күн демей, түн демей еңбек етті.

 

Атыраулық өрт сөндіруші – Ерлан Дәулетов

Бүгін де осы сала мамандарының қалтарыста қалып қойған батырлықтарын суыртпақтамақ болдық, әрине, аз-кем дерекпен. Әйтпесе, олардың әрқайсысы туралы кітап жазуға болады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі атыраулық өрт сөндіруші Ерлан Дәулетовтың күнделікті жұмысынан деректермен бөлісті. Ол – Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі. Азаматтық қорғау органдарында 2011 жылдан бері қызмет етіп келеді екен. Осы уақыт ішінде қала аумағында бірнеше рет орын алған ірі өрттерді жоюға және апаттық-құтқару жұмыстарына қатысып, ерлік пен қызметтегі шеберлігін жан-жақты дәлелдеген.

Мәселен, 2022 жылдың 8 қаңтарында департаменттің диспетчерлік бөліміне Атыраудағы «Нұрсая» ықшамауданында орналасқан пәтерден түтін шығып жатқаны туралы қоңырау түседі. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар алдымен өрттің қайдан шығып жатқанын анықтады.

Бірінші бөлімше бірден «1 В» бөшкесін газ-түтіннен қорғау қызметіне қосу арқылы жану орталығына жалғады. Ал екінші секция, яғни Ерлан Дәулетов жасақ командирінің бұйрығымен тыныс алу аппаратына қосылып, осы үйдің тұрғындарын таза ауаға шығарып, эвакуациялау жұмыстарын жүргізеді.


Өрт кезінде 10 ересек азамат пен 9 бала түтіннің құрсауында қалып, көшеге өздігінен шыға алмай қалған екен. Кейіпкеріміздің шапшаңдығы, жеделдігі, шеберлігінің арқасында барлығы дін аман қауіпсіз аймаққа көшірілді.

Демек, кейіпкеріміз бастаған жеке құрамның жедел әрекетінің арқасында тұрғын үйден 9 баланың өмірі аман қалды. Өрт сөндірушілер де өрттің көрші тұрғын үйге таралуының алдын алып үлгерді.

 

 

Біз Арслан Құрманбековтің есімін мәңгі құрмет тұтуымыз керек

Батырларымыздың қатарында қызметтік борышын өтей жүріп, көз жұмғандары қаншама. Олар туралы бір ауыз айтпау, есімдерін атамау – қиянат. Мысалы, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері таудағы өртті сөндіру кезінде қаза тапқанын ешқайсымыз ұмыта қойған жоқпыз. Осылдың мамырында ғана, мамыражай күндердің бірінде арыстай азаматымыздан айырылып қалғанбыз.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері тау баурайындағы өртті сөндіру кезінде мәңгілік сапарға аттанып кете барған. Әлбетте, жазатайым оқиға деу салу – оп-оңай. Ол таудағы өрттің қалай шыққанын білесіз бе? Жәй ғана бір қамсыз жүргендердің лақтыра салған темекі тұқылынан пайда болған. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасында жазылды. Бірнеше БАҚ жарыса жазды содан соң. Ендігі бұл қайғылы оқиға да өткеннің көрпесін жамылып жатыр.

«Бүгін түнде қызметтік міндетін атқару кезінде – тау беткейіндегі өртті сөндіру барысында Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 1994 жылы туған қызметкері, ПЧ-7 аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков қайтыс болды», - деп хабарлады сол тұста қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.


Төтенше жағдайлар министрлігі өзінің ресми Telegram-арнасында Құрманбековтің жанып жатқан ағаш діңінің құлауынан алған жарақаты салдарынан мерт болғаны анықталғанын мәлімдеді. Төтенше жағдайлар министрлігі Арсланның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оның отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетті.

«Арслан жауапты қызметкер, кәсіби күрескер және білікті маман болды, жұмыста еңбекқорлығымен, әділдігімен және мамандығына деген сүйіспеншілігімен бағаланды», - деп еске алады қайсар ұлды әріптестері.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Арслан Құрманбеков 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2015 жылдың 14 желтоқсанынан бері еңбек етіп келген. Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Астанада пәтер өртенген болатын.

 

Жас маман – Рамазан Смайылов

Кезекті кейіпкеріміз ретінде жас маман Рамазан Смайыловты таңдадық. Рамазан Смағұлұлы екі жылдан бері азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп келеді. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы. Осы қысқа жұмыс уақытында ол өзін жауапты және өте еңбекқор қызметкер ретінде көрсете білді.

2021 жылдың тамыз айында Рамазан Смайылов кезекші күзет құрамында Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған алапат жарылыстың өртін сөндіруге аттанған. Өрт орнына барлығы 31 техника мен 114 жеке құрамнан тұратын күштер мен құралдар жіберілді. Гарнизон төтенше жағдайдың күрделігіне байланысты көтерілді.

Бастапқы кезеңде қойма қақпаларына мониторлар арқылы су жіберіліп, нәтижесінде жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын эвакуациялау уақыты үнемделді. Ол өртті сөндіруге қатысып, оқ-дәрілердің алғашқы жарылыстарынан кейін ауыр жарақат алып, нәтижесінде Тараз қаласындағы №1 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне шұғыл жеткізілді.

Р.S: Міне, батырлардың еңбек жолындағы қалтарыс-бұлтарысы осындай. Бірі ержүректілігімен еліне әлі күнге қызмет етіп жүр. Әр күні қауіп пен қатерге толы. Сонда да мамандығын сүйеді, жақсы көреді. Өйткені, халқының басына күн туғанда, оған көмек қолын созуды өзіне парыз, борыш санайды. Енді бірі ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, өзін мерт етті. Оның есімі тарихтың сарғыш парағында мәңгі қалуы тиіс. Тағы бірі жарақат алып, ес-түссіз ауруханаға жеткізіледі. Ол өзінің елі үшін денсаулығын құрбан етті...

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар