Орыстар Қазақстанға ағылуда, ал ауғандағы қазақтар «қазақ» екенін дәлелдей алмауда

Dalanews 14 нау. 2022 02:40 1145

Ресей басқыншылары Украинаға басып кіргеннен бері, әлемде жоқ қаруымыз бар, Украинаны 3 күнде басып аламыз деген Ресей армиясы екі апта бойы алысып, армиясы да, техникасы да күйреп, оның үстіне батыстың салған құрсауынан (санкция) экономикасы бұрын соңды болмаған дәрежеде күйреп, елде қымбатшылық жайлап, өзгені қойып өз халқы Ресейден шетелге кетіп жатыр.

Өз елінен пана таппаған Орыс халқы «жауына да жамандық тілемейтін, «таспен ұрғанды аспен ұратын» ақкөңіл Қазақстанға ағылып келіп жатыр. Бұл мәселе бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде қызу талқылануда.

Осы орайда менің көкейміде мынадай заңды сұрақ келді? «Ойбай біз әлемдегі өз қандастарын шақырған 3-ші елміз» деп мақтанғанымызға 30 жылдан асты. 30 жылда шеттегі 6 миллион қазақтың әрең 1 миллионы келіпті, олардың 90%-ы мемлекеттің емес өз күшімен, өз аяғымен келген.

Ал 2017-2018 жылдары Қытайдағы 3 милион қазақтарға не болғанын білесіздер, жабылып жүріп 2019 жылы біраз қазақтың келуіне ұйытқы болдық. Бірақ қу көрші ковидті сылтауратып 2020 жалдан бері шекараны жауып тастады. Оған шекараны аш деп талап қойған Қазақ билігін көрмедік.

Енді осы жылы Ауғанстандағы болған жағдайды білесіздер, дәл қазір ең қиын, ең азапты күндерді Ауғанстан қазақтары көріп жатыр.

Ауғанстанда Еуропа елдері сияқты паспортта ұлты жазылмайды, сондықтан ондағы қазақтар өздерін паспорт бойынша қазақ екенін дәлелдей алмай қор болуда. Тәліптер билікке келмей тұрғанда олар Ауғанстан сыртқы істер министрлігінен «қазақ» деген анықтама алатын, қазір ондай анықтаманы ешкім бермейді.


Ауғанстандағы қазақтардың басым көбінде шетелге шығатын паспорты да жоқ. Тіпті, көбінің жеке куәлігі де жоқ. Тек бір отбасында отағасында ғана құжат болады. Онда неше жан бары ғана жазылады екен.

Ауғанстанға тәліптер басып кіргенде АҚШ босқындарды ауған, тәжік деп алаламай ұшақтың төбесіне дейін шығарып алып кетті. Ал біз ондағы Қазақтардың құжатын тексеріп, «Паспортта ұлты жазылмапты, Қазақ екеніңді дәлдейтін құжат әкел, жеті атаңды айт» деп қияметтің сұрақтарын қойып, мыңнан бір онын ғана елге әкелдік. Бұдан кейін «Қазақстан Ауғанстандағы қазақтарды көшіріп алып жатыр» деп айды аспанға шығарып мақтандық.

Ал қалған қайда барарын білмей, тіпті кейбір қазақтардың «қазақ» деген куәлігі болса да «сенің балаңда жоқ, әйеліңде жоқ» деп елшіліктен кеудесінен итеріп шығарып жіберген. Байқұс қазақтар барар жер басар тауы жоқ, қорғансыз күйде аштық пен азапты күндерді кешуде.

Біздің бір-біріне қайшы заңдарымызда Қазақстан азаматтығын тек шетелдегі этникалық қазақтар ғана алады делінген, ол үшін олар «қазақ» екенін тілімен емес құжатпен дәлелдеуі керек, сөйте тұра Ресейдің орыстары еш кедергісіз Қазақстанға өтіп жатыр.


Кейбір азаматтар «Ауғанстан қазақтарынан байқау керек, олардың ішінде әсіре діншілдері бар болуы мүмкін, қазақ емес болуы мүмкін, тілдері Қазаққа келмейді, түрлері де Қазаққа келмейді» дейді. Иә, олардың қазақ тілінен, ділінен алшақтап қалғанына олар емес мына біз – Қазақстан кінәлі.

Оған мынадай бірнеше себеп бар:

1) Ауғанстан қазақтарын Қазақстанмен көршілес, аралас-құралас жатқан Өзбекстан, Моңғолия, Қытайдағы қазақтармен салыстыруға келмейді, Ауғанстан Қазақстанмен шекаралас емес, қазірге дейін ондағы қазақтармен байланыс мүлдем жоқ болды.

2) Ауғанстан қазағы сонау 1820 жылдан бастап Қазақстаннан қоныс аударған қазақтар, саны да аз болғандықтан ұзақ уақыт ішінде тілдерінен айырылып, ассимияцияға ұшыраған.

3) Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Ауғанстандағы Қазақстан елшілігі сондағы қазақтарға 30 жыл бойы оларға арнап бірде-бір тіл, дәстүр үйрететін мәдени орталық ашпаған.

Ал қазір Украинадағы жағдайға байланысты Еуропа елдері Украинадан милиондаған адамдарды ұлтына, нәсіліне, дініне қарамастан құшақ жайып қарсы алып жатыр.

Ал біз болсақ өз қазағымызды кеудесінен итердік. Қытайдағы 3 миллион қазақты оны тастадық. Шекара жабық, ал қытайлар арнаулы рейспен емін-еркін ұшып елімізге келіп жатыр. Сонда мына Қазақстан кімнің мемлекеті? Кімге керек? Осыларды көріп қаның қайнайды.


«Жаңа Қазақстан» кім үшін құрылу керек? «Жаңа Қазақстан» – өз елінде тұрып өз тілінде сөйлей алмаған, өз елінде тұрып өз байлығын өзі пайдалана алмаған, өз елінде тұрып, өзін осы мемлекетті құраушы ұлт ретінде сезіне алмаған, өз Отанында тұрып өз Отанына кіре алмаған қазақтар үшін ғана құрылуы керек...

Қыдырәлі Оразұлы



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар