Журналист Ибраш Нүсіпбаев бұған наразылық білдіріп отыр.
"Одақтасымыздың тұрғындары Жапониядан жаппай көлік әкеліп жатыр. Оларды ескі-құсқы деуге келмейді. Жапон мінген машина күтімді келеді. Мәселен, мамыр айының басынан бері ресейліктер жапон жерінен жүздеген, мыңдаған көлік сатып алған. Бұл көрсеткіш көлік саудасы қызған 2008 жылғы межеден де асып түсті.
Бұл немен байланысты? Біріншіден, Ресейге жаңа көлік тасымалданбайды.
Екіншіден, Ресейде долларды қолдан құлдыратып отыр. Сайып келгенде, доллардан йенге шаққанда жапонның "үш жылдық" көліктері тіптен су тегінге сатылып жатыр. Жапониядағы темір тұлпардың техникалық жағдайында мін жоқ, көп жүрілмеген, қолдан қолға өтпеген", – дейді журналист.
Мәселен, 2019 жылы құрастырылған жап-жаңа Toyota Land Cruiser Prado-ны 25-30 мың долларға сатып алуға болады.
Оны Ресейге жеткізу үшін 250 доллар төлейсіз, әрі кеткенде бір ай күтесіз. Тездетіп жеткізіп беруді қаласаңыз тасымалға 1000 доллар шығындайсыз.
"Путин билігі ресейліктерге жапонның көлігін жаппай сатып алуға рұқсат берді, онымен қоймай ГЛОНАСС жүйесін орнату туралы міндетті талапты алып тастады.
Ал Қазақстан азаматтарына жапондық көліктерді сатып алуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Себебі, Ресеймен арадағы келісімшартқа сәйкес бізге Жапониядан көлік алуға рұқсат етілмейді.
Біздің шенеуніктерге қояр сауалым бар: Ресей мемлекетаралық келісімді бұзып отырса, біз неге оны мүлтіксіз орындауға міндеттіміз? Ресей одақтың талап-шартына пысқырмайды екен, ендеше біз неге өз мүддемізге қайшы келуге тиіспіз? Қазақстандықтар жапонның арзан бағады көлігін мінуге лайық емес пе!", – дейді Ибраш Нүсіпбаев.