Мәжіліске қарасты мемлекеттік мекеменің әлеуметтік желіде жариялаған хабарландыруы көпшіліктің сынына ұшырап, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс жанындағы медиа-топ Instagram парақшасында SMM мамандарына арналған бос жұмыс орны туралы хабарландыру жариялаған. Онда орыс тілінде сауатты жазу – үміткерге қойылатын міндетті талаптардың бірі ретінде көрсетілген. Ал "қазақ тілін білу" тек қосымша артықшылық ретінде аталған.
Бұл жайт қоғамда мемлекеттік мекемелердің қазақ тіліне немқұрайлы қарайтыны туралы пікірлердің көбеюіне себеп болды. Журналист Жалғас Ертай да аталған мәселеге назар аударып, билікті қатаң сынға алды.
"Қазақстан билігі өз мемлекеттік тілін өзі кемсітумен жүйелі түрде айналысады. Мәжіліске smm-маманы болып тұру үшін "исключительно" орысша жақсы жазуы керек екен, ал қазақшаны білсе де, білмесе де мейлі екен", – деп жазды ол.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы қазақстандықтарға жолдауында "Ата Заң бойынша Қазақстанда қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл" екенін жеткізген еді.
"Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді.
Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі", - деген еді Мемлекет басшысы.