Органикалық өнімдерді өндірудің келешегі кемел

Dalanews 25 қар. 2017 06:23 1114

«Біздің елімізде жерлердің 90 пайызы химикаттармен ластанбаған. Сондықтан да, бүкіл әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болатын таза органикалық ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге мүмкіндік бар»


 


Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті.


 

Егін шаруашылығындағы органикалық егіншілік мәдениетін заманауи талаптарға сай дамыту алдымыздағы айқын талаптардың бірі болып тұр. Оны технологиялық талаптар бойынша орындай білсек, ғылыми тұрғыдан ізденіс пен зерттеуді тереңдете түссек олқылық атаулыдан да арыламыз. Сондықтан да,  осыған орай органикалық егіншіліктің бүгінгі жайы мен ертеңі жайлы ой толғап, өзіндік ұсыныс, пікірімді ортаға салуды жөн көріп отырмын.

Қазір әлемнің көптеген аймақтары егіншілікті серпінді жүргізгенімен, жаһандық деңгейдегі экологиялық дағдарыста тұрған аймақтар қатарына енді. Америкалық эколог Барри Коммонсом «Бәрі де өзіміздің үйлестіре білуімізге байланысты» деген түйінді тұжырымдаманы дұрыс айтқан. Біздің планетамыз қандай үлкен болып көрінгенмен, онда болып жатқан процестердің барлығы өзара байланыста. Мәселен, Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде қолданылатын пестицидтер (ДДТ) Антарктиданы мекендейтін пингвиндердің бауырынан табылған. Ал Чернобыль АЭС радионуклидтері Украина, Белоруссия мен Ресейдің ғана емес, сонымен қатар Германия, Швеция, Норвегия және басқа да батыс еуропалық елдерде тұратын әйелдердің сүтінің құрамынан табылғаны таңдандырмай қоймайды...

Әрине, химиялық заттарды енгізу ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етеді. Алайда химиялық тұрғыдан тосқауыл қоюмен қатар топырақ құнарлылығының негізін, оның гуминді заттарын бұзады. Дәл химиялық амалдарды қолдану нәтижесінде топырақтың қайта құрылымы жүзеге асады. 17-22 пайызға өсімдіктермен өңделетін, жеңіл еритін минералдық тыңайтқыштар желге қағылады және топырақтан шайылып шығарылады. Ал тез ерімейтін тыңайтқыштар топырақта жинала береді, өсімдіктерге жайсыз сыртқы пішінге айналады. Қорек элементтерінің жетіспеушілік тапшылығын тудырады. Сөйтіп, топырақты жайсыз пішіндегі қорек заттарымен молайтады.

Мәселен, 1 тонна фосфор тыңайтқышынан топыраққа 150 келе фтор (өткір иісті, ашық түсті газ), 1 тонна калий тыңайтқыштарынан – 600 келе хлор түседі. Күшәла, қорғасын, кадмий, стронций сияқты минералдық тыңайтқыштар қоспасы мен басқа да элементтер қауіп төндіреді. Бұл құбылысты топырақ қасиетінің өзгеруі ретінде ғана емес, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы ретінде қарастыру керек. Оның тез арада қайта қалпына келуі қиын. Нәтижесінде топырақ өлі болып, өсімдіктердің өсу мен даму қажеттілігін өтей алмайды. Топырақ құрылымының бұзылуының әсерінен оның үстіңгі қабатын тозаңдық құрылымға әкеліп соқтырады.

Органикалық ауыл шаруашылығын зерттеу институты (FiBL) және Халықаралық органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы федерациясының (IFOAM) мәліметтері бойынша әлемде органикалық егіншілікке пайдаланылатын жерлердің көлемі ұдайы артуда. Соңғы 16 жылда олардың көлемі 4 есеге ұлғайды және 2016 жылы 48,7 миллион гектар алқапты құрады. Органикалық өндіріс туралы статистикалық мәлімет 172 елден келіп түседі. Әлемде барлығы 2,3 миллион органикалық өндірушілер сертификатталған, олардың ¾ бөлігі дамушы елдерде орналасқан. Яғни, әлемдік ауылшаруашылық жерлерінің 1 пайызы көлемінде. Жалпы, органикалық ауыл шаруашылығына үлкен жер көлемі бөлінген. Соның ішінде – Австралияда – 17,3 млн.га, Латын Америкасында – 6,6 млн.га, Еуропада – 11,5 млн.га, Азияда – 3,4 млн.га, Африкада – 1,2 млн.га. Еуропалық елдердің ауылшаруашылық жерлерінің құрамында 43 пайызы егістік жерлер, 41 пайызы жайылымдық, 12 пайызы көпжылдық екпе алқаптары.

Органикалық өнімнің негізгі мөлшері әлемнің жоғары дамыған индустриялды елдерінде сатылады. Жалпы тұтыну жағынан шамамен 78 пайызы Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріне тиесілі. Нарықты талдау жөніндегі халықаралық сарапшы  Эндрю Уорктың және халықтаралық аналитик Мажид Бенжилонның пікірі бойынша, жуық арадағы 10 жыл көлемінде нарықта геномдық түрленген бидайдың үлкен партиялары болады. Қазақстанға да экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін шығарып және сатудың тиімділігі көп. Осы бағытты берік мақсаткерлікті ұстанып, әлемдік нарықта нық орынға ие болуға ұмтылысымыз керек.

Қазақстан Республикасында кезінде экономикалық байланыстардың үзілуі, шаруашылық жүргізу формасының ауысуы, минералдық тыңайтқыштардың қымбаттауы салдарынан 1990 жылдан бастап республикада 672,1 мың тонна минералды тыңайтқыш өндірілген. Өндіріс көлемінің де, танаптарды пайдаланудың да ауқымы күрт төмендегені байқалады. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. 2015 жылы Қазақстанда минералдық тыңайтқыштарды пайдалану гектарына 5 келе әсер етуші зат шамасына ғана жетті. Ал бұл көрсеткіш дамыған елдерде 300-400 келеден құралды. Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында біздің республикамызда ауылшаруашылығын жүргізудің басым бағыты болып табылатын, органикалық егіншілік екенін үнемі айтып жүр. Бұл сала әлем бойынша қарқынды түрде  дамып келеді.

«Жасыл экономиканы» қалыптастыру Қазақстан дамуының стратегиялық векторы негізінде Президентіміз былай деген: «Біздің елімізде жерлердің 90 пайызы химикаттармен ластанбаған. Сондықтан да, бүкіл әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болатын таза органикалық ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге мүмкіндік бар. Азық-түлікке деген сұраныс 2050 жылы 40 пайызға артады және «Жасыл экономика» индустриалды революцияның негізі болады». Осы тұрғыдан бірқатар міндеттер де алдымызға қойылды: егіншілік мәдениетін өзгерту, мал шаруашылығын жандандыру, ет, сүт және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы болу. Қабылданған шаралардың нәтижесі ретінде 2050 жылға дейін ауылшаруашылығы өнімі еліміздің ЖІӨ үлесінде 5 есеге артуы тиіс.

Қазіргі кезде елімізде органикалық өнімдерді өндірудің статистикалық хабарламасы жүргізілмейді. Бұл бағыт Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Дегенмен, зерттеулер барысында анықталғандай, жалпы көлемі 300 мың гектар алқапта өсімдік шаруашылығының органикалық өнімдерінің экспорты жүзеге асырылады. Бидай, рапс, майбұршақ, зығыр және тағы басқа өнімдерден. ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы В.В.Григоруктың мәліметтері бойынша Қазақстанда эко өнімдерді шығаруға жарамды егістіктердің көлемі келешекте 13 млн. гектар астам жерді алуы мүмкін. Жағдайды түзеу және шикізат пен азық-түлік өндірісінің көлемін арттыру мақсатында келесі міндеттер шешілуде:

Өсімдік шаруашылығы саласында: кеңінен әртараптандыру, ауылшаруашылық өнімдері өндірісінің көлемін арттыру, топырақ құнарлылығын арттырудың негізгі жағдайларын жақсарту, суармалы жерлердің өнімділігін арттыру және экологиялық таза өнім алу, ауылшаруашылық айналымына қазір қолданылмайтын және қордағы 6,8 млн.гектар жерлерді тарту, бұрын пайдаланылған 60 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтірудің маңызы зор.

Мал шаруашылығы саласында еттің экспорттық әлеуетін арттыру, отарлы мал шаруашылығын өркендету, жем-шөп өндірісін дамыту, азып кеткен жайылымдық жерлерді қалпына келтіру. Пайдаланылып жатқан 63 млн.гектар жайылымдық жерлерден 20 млн.гектар жерлерді суландыру жоспарланып отыр. Ал қайта өңдеу саласында: сапаның халықаралық стандарттарына көшу, өндірістің техникалық және технологиялық жағынан қайта жарақтандыруда.

Осыған байланысты 2015 жылдың соңында «Органикалық өнімді өндіру» туралы заң қабылданды. Ол экологиялық таза өндірісті дамыту үшін мүмкіндіктер ашты. Осы заңды қабылдай отырып,  Қазақстан органикалық өндірісті қолдайтындығын көрсетті және оны өндірілетін өнімнің тазалығына кепіл беруге қабілетті мемлекет ретінде әлемдік нарықта орнықты.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-да 1996 жылдан бастап егіншілікті биологизациялау бағытында кезінде ауылшаруашылық дақылдарын өсіруді зерттеу бойынша кешендік  сынақты зерттеулер жүргізілді. Ол ең алдымен топырақ құнарлылығына орай өндірісті қарқындату ықпалының негативті әсерін төмендетуді, сонымен қатар заманауи жер пайдалану жағдайларында кеңінен пайдалану мүмкіндігі мен оңтайлы жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Институт ғалымдары сидералды дақылдарды, өсімдік қалдықтарын және биологизация амалдарын (биогумус, көң, сабан және т.б.) қолдану негізінде егіншіліктің органикалық жүйесін, Қазақстанның Оңтүстік шығысындағы суармалы және тәлімі  топырақ жағдайларында егіншіліктің органикалық жүйесінде топырақтың құнарлылығын реттеудің ғылыми негіздерін әзірледі.

Экологиялық таза өнім алу және топырақ құнарлылығын жаңғыртуды қамтамасыз ететін, егіншіліктің биологиялық жүйесінде әлеуеті мүмкін өнімдерді алу агрокешенінің алгоритмдері мен технологиялық моделі, ғылыми ауыспалы егістіктер даярланды. Институт зерттеулерінің нәтижелері ауыспалы егістікте дақылдарды алмастыру мен рационалды құрамы  есебінен топырақтың құнарлылығының нашарлауын, онда гумустың төмендеуінің алдын алып қана қоймай,  сонымен бірге айналымнан айналымға дейін  танаптық дақылдардың өнімділігін арттыруға болатындығын көрсетті. 1993 жылдан бастап минералдық тыңайтқыштар қолданылмаған суармалы егіншілік стационарында осы жүйені зерттеушілер жыл сайын гектарынан 60 центнерден астам күздік бидай, 40 центнерден майбұршақ, 70 центнерден дәндік жүгері, 400-450 центнерден қант қызылшасының тәтті тамыр жемісін алуда.

Қазақстанның жыртылатын жерлерінің қорын 80 пайыздан астам тәлімі жерлер құрайды. Қазақстанның Оңтүстік шығысында тәлімі жерлер сұр топырақ және ашық-сұр топырақтардан тұрады. Олар төмен табиғи құнарлылығымен сипатталады: ашық сұр топырақтардағы гумус құрамы шамамен 0,6-1,2 пайызды құрайды. Кәдімгі сұр топырақта – 1,5-1,8 пайыз, ал ашық қоңыр топырақтарда 1,9-2,4 пайыз шамасында болады. Институт ғалымдарымен алғаш рет топырақтың минималдық және нөлдік өңдеу амалдары зерттелді. Онда сидералды дақылдардың биологиялық массасы жыртылатын қабатқа салынып, олар өздерінің қасиеттерімен топырақ құнарлылығына оң әсер етті. Сидераттар ретінде бұршақ дақылдары мен астық – бұршақ қоспалары (12 түрі) пайдаланылды. Олар өздерінің қасиеттерімен топырақ құнарлылығына оң әсер етті.

Келесі көрсеткіштер бойынша топырақтың құнарлылығын арттыру мен оның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ететін, топырақ құнарлылығының негізгі элементтерін тиімді реттеу амалдары мен тәсілдері дайындалды. Жалпы гумус құрамы 0,06-0,12 пайыз, лабильді гумус – 420-970 мг/кг, жеңіл гидролизделетін азот – 12-20 мг/кг, жылжымалы фосфор – 6-14 мг/кг, ауыспалы калий – 45-105 мг/кг, агрономиялық құнды агрегаттар – 6-13 пайыз, суға тұрақты агрегаттар – 6-12 пайыз, су өткізбеушілік- 0,2-0,4 мм/мин бірінші сағатта, тығыздықтың төмендеуі – 0,03-0,08 г/см3, топырақтың ылғалмен қамтамасыз етілуінің артуы – 25-35 пайыз және дәнді дақылдарыдың өнімділігі  гектарына– 3-5 центнерден.

Үш жылдық дақылдардың егістіктерінде пайда болған бұршақ шөптері мен шөп қоспаларының оң ықпалы байқалды. Осылайша алынған мәліметтер негізінде ауыспалы егістіктердегі биологизациялау амалдары экономикалық және экологиялық тұрғыдан өзін-өзі ақтады.  Бірақ біздің республикамызда органикалық өндірісті кеңінен дамыту үшін мыналарды әзірлеу және бекіту қажет:

-        Органикалық өнім мен шикізат өндірісінің техникалық регламенттері;

-        Органикалық өнімді өндіру, тасымалдау, сақтау, сату субъектілерінің жұмысын мемлекеттің бақылау акредитациясының, сертификациясының ұлттық  жүйесі;

-        Органикалық өнімді маркерлеудің талаптары мен тәртібі;

-        Органикалық өнімді өндіру үшін топырақ жарамдылығын бағалау тәртібі. Сонымен қатар:

-        Әлеуетті экспорттық нарыққа маркетингтік зерттеу жүргізу;

-        Азаматтық қоғам ұйымының жұмысын белсендендіру;

-        Білікті кадрларды дайындауды ұйымдастыру;

-        Органикалық өнім мен шикізат өндірісі саласындағы ғылыми зерттеулерді тереңдету және т.б.

Міне, осы бір маңыздылығы жоғары мәселелер өмірдің өзінен туындап отырған қажеттіліктер. Осыларды іс жүзінде өндіріс ауқымында пайдаланатын болсақ, көп уақыт өткізбей-ақ қол жеткізе алатынымыз анық. Бұған тек а



уадай ынта мен ықылас қажет. Сонда ғана таза органикалық егіншіліктің атап айтуға тұрарлық биік деңгейінен к

өрінетін боламыз. Бұл бүгінгі осы сала мамандарының мазасын алып жүрген мақсатты мұраттары екенін біз жақсы білеміз.

Серік Кененбаев,  Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ Бас директоры, а.ш.ғ.докторы, профессор, ҚР АШҒА және МАҒА академигі

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар