"Апасы дәрігерге тізерлеп жалынған": Жамбылдағы ауруханада 6 жасар бала қайтыс болды

Сағыныш Сардарова 10 қаз. 2025 16:43

Жамбыл облысы Тұрар Рұсқұлов ауданы Құлан ауылында 6 жасар бала көз жұмды. Туыстарының сөзінше, бұған дәрігерлердің салғырттығы себеп болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Желіде марқұмның туыстарының үндеуі тарады.

"Бала 29 қыркүйектен бастап ауырды, учаскелік дәрігерге барғанымызда еш көмек көрсетпей, үйге қайтарды. Баланың апасы дәрігерге тізерлеп жалынып, әрең 7 қазанда ғана ауруханаға жатқызды. Бала ауруханаға жатқанымен, диагноз қойылмаған, бала ауырғанда тек "Креон" дәрісін бере берген. Бүгін, 10 қазанда баладан айырылып қалдық", - дейді туыстары.

Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасы бұл жағдайға қатысты мынадай пікір білдірді:

"Ауруханаға 6 жасар бала "жатқызу порталы" арқылы жоспарлы түрде апасымен бірге түскен. 7 қазаннан бері клиникалық хаттамаға сәйкес тиісті зерттеулер жасалып, тағайындалған емді қабылдаған. Баланың жағдайы орташа ауыр болған. 10 қазанда сағат 06.55-те кенет қайтыс болған. Қазір баланың өлімінің себебі анықталып жатыр. Ішкі істер бөліміне хабарланған, сот сараптамасы тағайындалған", - деді дәрігерлер.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар