OrdaMed компаниясы медициналық жабдықтарды қолдан жасаумен айналыспағанын және Қазақстан клиникаларына нақты өндірілген әрі тіркеуден өткен техниканы жеткізгенін мәлімдеді. Аталған құрылғылар бүгінде пациенттерді емдеу барысында нақты пайдаланылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
OrdaMed компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Еркін Длімбетов бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында медициналық жабдықты фальсификациялау жөнінде тараған ақпаратқа әлеуметтік желілерде түсініктеме берді. Оның айтуынша, компания жалған немесе іс жүзінде жоқ өнімді жеткізбеген әрі «ауа» үшін төлем алмаған.
Ол барлық жабдықтың нақты жеткізіліп, пайдалануға берілгенін және ұзақ уақыт бойы еліміздегі мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелерде қолданылып келе жатқанын атап өтті. Еркін Длімбетовтің сөзінше, жабдықтың бар екені мен жұмыс істеп тұрғаны республика бойынша медицина қызметкерлері мен клиникалар тарапынан расталып отыр.
OrdaMed өкілдері бұл жерде өнімді қолдан жасау емес, өткен жылдардағы өндірістік және ұйымдастырушылық рәсімдерге қатысты құқықтық түсіндіру мәселесі сөз болып отырғанын айтады. Атап айтқанда, әңгіме локализация талаптары мен құжаттарды рәсімдеу тәртібіне байланысты. Компания сот шешімі шықпай тұрып «фальсификация» терминін қолдану дұрыс емес деп санайды, өйткені бұл тек бизнеске ғана емес, аталған жабдық пайдаланылатын медициналық ұйымдардың беделіне де нұқсан келтіреді.
Компания басшысы OrdaMed тергеу органдарымен толық ынтымақтастық орнатып отырғанын, барлық тексеруге ашық екенін және істің мән-жайы объективті әрі әділ қаралуына мүдделі екенін жеткізді. Қазіргі уақытта компания жұмысы қалыпты режимде жалғасып жатыр, дәрігерлер, пациенттер, серіктестер мен мемлекет алдындағы барлық міндеттемелер орындалуда.
Еске салайық,ҰҚК OrdaMed басшыларын ұстаған болатын.
