Ордабасы ауданында кәсіби мемлекеттік аппарат міндеттері талқыланды

Dalanews 02 қар. 2018 10:08 668

Ордабасы аудан әкімшілігінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғ.Тұрсынбаевтың алқалы жиын өтті.

Маңызды басқосуға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Түркістан облысы бойынша департаменті Сайрам аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы А.Әліштің қатысты.

Жиында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам — Ұлт жоспары» бағдарламасының алғашқы 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбы талқыланып, күн тәртібіне қойылған мәселелер жан-жақты талқыланды.

Әр мемлекеттің жылдар бойы қалыптасқан өзіндік даму жолы бар. Өркениетті деген сол елдердің бай тәжірибесіне қарап, мемлекеттік қызмет саласындағы ғасырлардан бері қалыптасып келе жатқан шенеуніктік дәстүрін аңғаруға болады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тапқан бұл үрдіс сандаған «мемлекетшіл» әулеттерді өмірге алып келді. Олардың халық қамын ойлауға деген ынтасын арттыру үшін әртүрлі әлеуметтік пакеттер мен жеңілдіктер қарастырылды. Соның арқасында кейбір елдерде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне төзбестік орта қалыптастырылды және тұрғындардың проблемасын жедел шешудің сан тетіктері жүзеге асырылды.

Еліміз де «100 нақты қадам» – Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары арқылы өркениеттің өріне көтерілуді – басты мақсат етіп отыр.

Әрине, мемлекеттік қызметке әдеп нормаларын қатаң сақтайтын және де мемлекет мүддесін бәрінен де жоғары қоятын адамдарды тәрбиелеп, оларды қызметке тарту оңай шаруа емес. Сондықтан 5 институттық реформаның алғашқы 15 қадамының кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналғанынан көп жайтты аңғаруға болады.

Басқосу барысында Ғ.Тұрсынбаев пен А.Әліш баяндамалар жасап, қозғалып отырған мәселелерді жан-жақты түсіндірді.

Осы жиыннан кейін Ғ.Тұрсынбаев «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында бір топ адамға қабылдау жүргізіп, түйткілді мәселелерін тыңдады. Қабылдауға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ.Үсенбаев қатысты.

 

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар