«Сен шпионсың!»
Иә, ол кезде қазақ әдебиетінің қос алыбының қасында болмадық. Бірақ осындай әңгіменің болғанын сол кезде «Қазақ әдебиетінде» қызмет еткен азаматтардың өз аузынан естідім. Өз басым олардың өтірік айтқанын көрген емеспін.
Иә, сол бір сәтте барша қазақ маңдайына басқан қос қаламгердің арасында бір түсініспеушіліктің болғаны анық.
Осы әңгімені неге еске алып отырмыз? Бұл жерде баяғыда басылған дау-шардың шоғын үрлейін деген ниетіміз жоқ.
Қос алыптың арасындағы әңгімеден қазақтың санасына Кеңес заманындағы бірін-бірі «жансыз санау» әрекеті мықтап сіңіп қалғанын байқауға болады. Зиялыларымыз осылай тартысқанда қарапайым адам не демейді?
Есіңізде шығар, кезінде Кеңес өкіметінің жандайшаптары Алаш арыстарын «Жапонияның тыңшысы», «бір түнде Жапонияға атпен барып келіп отырған» деген әңгімеге аңқау қазақ сенді ғой.
Еліміз тәулесіздігін алғанына 25 жыл толып, Кеңес өкіметінің құрсауынан босап шықсақ та сол бір әміршіл жүйенің ой-санамызға сіңген озбыр әрекеті әлі көмескіленбепті.
«Атажұрт» vs «Жебеу»
Дәл қазір Қытайдан келген қандастарымыз екіге бөлініп, бірі «Қытайдың тыңшысы» болса, енді бірі «биліктің құйыршығы» болып бөлінуде.
Серікжан Біләшұлы бастаған «Атажұрт» еріктілері мен «Жебеу» қорының жетекшісі Омаралы Әділбекұлының маңайына топтасқан азаматтар әлеуметтік желі арқылы жиі тістесіп жүргенін көріп жүрміз.
Тіпті, бұл дау білікті қорғаушы Абзал Құспанов пен қоғамдық белсенді Сәуле Әбілдаханқызын да шарпып өткені белгілі.
Әрине, еркін ойлы қоғамда әр тарап өз ой-пікірін ортаға салып, жұмыс істеуіне қақысы бар. Бұл жерде біздер Қытайдағы қазақтардың мүддесін қорғап жұмыс істеп жатқан белсенді қандас бауырларымыздың бірі жақтап, екіншісін даттайын деген ойымыз жоқ.
Бізді дауласқан тараптардың бірін-бірі «Қытайдың шпионы» деп айыптағаны таңқалдырды. Бұдан бүгінгі Қытай билігінің кешегі кеңестік жүйеден еш айырмасы жоқ екенін аңғардық.
Олар да жұртты үрейде ұстап, халықты талай рет қуғын-сүргінге салғанын белгілі. Сондықтан қызыл империяның құрсауынан құтылу үшін Қытайға қашқан қазақтардың ол жақта мамыражай күй кешпегенін бірін-бірі «Қытайдың шпионы» деп айыптағанынан анық аңғаруға болады.
Нұрлан Жұмахан, журналист, блогер.