Оралдағы Hitachi турбинасы толық қуатымен іске қосылды

Самал Асқар 06 ақп. 2026 20:16

Орал қаласындағы жылу электр орталығында жапондық Hitachi компаниясының газ турбиналық қондырғысы күрделі жөндеуден кейін толық қуатында жұмысын бастады, деп хабарлайды Dala News.

Қуаты 28 МВт болатын газ турбиналы қондырғы бұдан 20 жыл бұрын орнатылған. 2019 жылы жоспарлы инспекциялық тексеріс жүргізілгенімен, жөндеу жұмыстары әртүрлі себептермен кешіктірілген. Мәселе облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тікелей араласуымен шешімін тапты.

2023 жылы аймақ басшысы бастаған Батыс Қазақстан облысының делегациясы Жапонияға барып, турбинаны өндіруші зауыт өкілдерімен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде қосалқы бөлшектерді дайындау және жеткізу бойынша келісімшарт жасалып, күрделі жөндеу жұмыстарын атыраулық компания жүзеге асырды.

Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту аясында соңғы екі жылда салаға 15,6 млрд теңге бөлінген. 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған 32 жобадан тұратын Жол картасы бойынша сорғы станциялары мен жаңа қазандықтар салу, сондай-ақ қаланың негізгі жылу магистральдарын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта №6 және №7 жылу желілерін жаңғырту жобалары іске асуда.

Салтанатты іске қосу рәсімінде облыс әкімі атқарылып жатқан шаралар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, коммуналдық сектордың сенімділігін арттыратынын айтты. Сонымен қатар, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін цифрландыру мәселесіне де тоқталды.

Айтуынша, болашақта қаланың коммуналдық инфрақұрылымы толық автоматтандырылып, орталықтандырылған басқару жүйесі енгізіледі. Бұл ақауларды жедел анықтауға және қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove