Орал қаласындағы «Мясокомбинат» аумағында тұратын бірқатар тұрғындарды Жайық өзенінен алыстау, қауіпсіз аймаққа көшіру жоспарланып отыр,– деп хабарлайды Dalanews.kz 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Қазір осы мәселемен қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия айналысып жатыр. Мамандар жергілікті тұрғындармен келіссөздер жүргізіп, жер телімдерін заң аясында алу және тұрғындарды көшірудің тиімді жолдарын қарастыруда.
Осы аумақта тұратын тұрғындардың бірі Виктор Свягиннің айтуынша, былтырғы тасқын кезінде Жайық өзенінің суы оның учаскесіне дейін жақындаған.
«Соңғы екі жылда өзен жағауын шамамен сегіз метрге дейін жеп қойды. Өткен көктемде мұз жүру кезінде су орманға дейін жетіп, көптеген ағашты құлатып кетті. Бұрын өзен жағасы тұрған жер қазір 200 метрге алыстап кеткен», – дейді ол.
Қауіп аймағында қазіргі таңда 10 жер телімі бар, оның ішінде алты тұрғын үй орналасқан. Бұл үйлердің жағдайын бағалау үшін мамандар жұмыс істеуде.
Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абылай Нұрмақовтың айтуынша, егер тұрғындар өз үйлерін босатуға келіссе, олар нарықтағы бағаға сай өтемақы алады немесе көпқабатты тұрғын үйлерден жаңа баспана ұсынылады.
«Біз тұрғын үй қатынастары туралы заң аясында әрекет етеміз. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер тұрғындар ұсынылған пәтерден бас тартса, оларға қаржылай өтемақы төленеді», – деді ол.
Қазіргі таңда сарапшылар тұрғындарды көшіру бойынша оңтайлы шешімдерді пысықтап жатыр.