Freedom Inside '26

Румыния парламентінің төменгі палатасы Молдовамен бірігу туралы заң жобасын мақұлдады

Румыния парламентінің төменгі палатасы Молдовамен бірігу туралы заң жобасын мақұлдады
Фото: radiomoldova.md

Румыния парламентінің төменгі палатасы Молдовамен бірігуге қатысты заң жобасын мақұлдады. Құжат енді Сенаттың қарауына жіберіледі. Егер заң қабылданса, үкімет Кишиневпен бірігу мәселесі бойынша ресми келіссөздерді бастауға мүмкіндік алады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Заң жобасын "SOS Romania" партиясы ұсынған. Румыния заңнамасына сәйкес, егер бастама парламенттің жалпы отырысында 45 күн ішінде қаралмаса немесе кері қайтарылмаса, ол автоматты түрде қабылданған болып есептеледі. Бұл рәсім "үнсіз қабылдау" деп аталады.

Құжатта Румыния парламентінің Молдовамен бірігу туралы шешім қабылдайтыны және ел үкіметіне Кишинев билігімен бірігу жөніндегі келіссөздерді шұғыл бастауға өкілеттік берілетіні көрсетілген. Заң жобасы енді Сенаттың қарауына жіберіледі.

Бұған дейін, 2026 жылдың қаңтарында Молдова президенті Майя Санду елдің Румыниямен бірігу идеясын ашық қолдайтынын мәлімдеген болатын. Ол британдық The Rest is Politics подкастына берген сұхбатында, егер бұл мәселе бойынша референдум өткізілсе, бірігуді қолдап дауыс беретінін айтқан.

Президенттің сөзінше, қазіргі геосаяси ахуалда Молдова секілді шағын мемлекет үшін демократия мен егемендігін сақтау қиындап барады. Сонымен қатар, Санду Мәскеуді бірнеше рет Молдованың ішкі саясатына араласуға тырысты деп айыптаған.

Кейінгі жылдары Молдовада Румыниямен бірігуді қолдайтындардың саны артып келеді. Әсіресе Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін бұл мәселе жиі талқылана бастады. 2026 жылғы наурызда жүргізілген сауалнамаға сәйкес, Молдова азаматтарының шамамен 42 пайызы бірігуді қолдайды, ал 47 пайызы қарсы. Ал Румынияда тұрғындардың 72 пайызы мұндай бастаманы құптайды.

Сарапшылардың бағалауынша, шамамен 2,4 миллион тұрғыны бар Молдова халқының үштен бірінен астамы Румыния азаматтығына да ие. Қазіргі таңда Румыния – Молдованың ең ірі сауда серіктесі. Сонымен қатар Бухарест көрші елдің Ресей энергетикасына тәуелділігін азайтуға және Еуропаның энергетикалық жүйесіне қосылуына қолдау көрсетіп келеді.