Орал қаласында «AUYL FEST. Қой шаруашылығы» атты алғашқы халықаралық фестиваль өтеді

Ақтоты Жапатова 13 там. 2025 15:00

16 тамызда Орал қаласында, Тұңғыш Президент алаңында, «AUYL FEST. Қой шаруашылығы» атты алғашқы халықаралық фестиваль өтеді. Батыс Қазақстан облысында, әйгілі «Еділбай» қой тұқымының отанында өтетін бұл фестиваль дәстүр мен заманауи технологияны және әлемнің 14-тен астам елінен келген қой шаруашылығы саласының үздік мамандарын біріктіреді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

«Ғылыми-тәжірибелік конференция, үлкен форум өтеді, онда біз қой шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылап, оның дамуына серпін беруді көздейміз. 25-тен астам іс-шара өткізу жоспарланған. Форумнан бөлек бірнеше тақырыптық көрмелер болады. Бұл форматты біз Петропавл қаласында сынап көрдік. Халық өте жақсы қабылдады», – деді «Ауыл» партиясының азаматтық бастамаларды қолдау департаментінің директоры Бағдат Қадыров.

Іс-шара аясында қонақтарды күтіп тұрған бағдарламалар:

  • «AUYL FEST. Қой шаруашылығы» халықаралық фестивалінің форумы;
  • Қой шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі;
  • Қой жүнінен тігілген киімдердің сән көрсетілімі, дефиле, табиғи қой терісінен жасалған костюмдер байқауы, коллекциялар жәрмеңкесі;
  • Қой және қозы етінен жасалған тағамдар бойынша жетекші аспаздардың қатысуымен кулинарлық байқау;
  • Қой қырқу бойынша шеберлік сабағы және жарыс;
  •  Қой етін мүшелеу бойынша шеберлік сабағы және жарыс;
  • Асыл тұқымды қошқарлар аукционы;
  • Қазақ тазысы мен төбеті тұқымдарының көрмесі;
  • Ұлттық ойындар мен этноспорт: садақ ату, асық ату, тоғызқұмалақ, қошқар көтеру, хан талапай, бес асық, арқан тарту;
  • Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама.

Фестиваль жарқын этномәдени оқиға ғана емес, сондай-ақ қой шаруашылығын Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің негізгі бағыттарының бірі ретінде дамыту мен инвестиция тартудың тиімді алаңы болмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар