“Оқулық құрастырушылардың қатесі”. Белгілі ақын мектеп бағдарламасындағы даулы өлеңге қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 07 қар. 2025 12:08

Әр жылдары ата-аналар арасында қызу талқыға түсіп жүрген 3-сыныпқа арналған “Әдебиеттік оқу” оқулығындағы Ертай Ашықбаевтың “Ғаламтор туралы” өлеңі биыл да назардан тыс қалған жоқ. Кейбір ата-аналар өлең мазмұнын балаларға теріс әсер етуі мүмкін деп сынаса, балалар әдебиетінің өкілі, ақын Серікбол Хасан мұндай пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, аталған өлең балалар әдебиетінде бұрыннан бар мазақтама жанрының бір үлгісі және тәрбиелік мәні зор туынды. Бұл туралы ол Dalanews.kz агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Өлең не туралы?

Ашықбаевтың “Ғаламтор туралы” өлеңі ғаламторға тәуелді баланың атынан баяндалады. Онда кейіпкер сабақ пен кітап оқудан бас тартып, уақытының бәрін телефон мен интернетке жұмсайтынын айтады.

Бұл кітапты алғаш болып Динара Дәрмен есімді желі қолданушысы өз парақшасында жариялаған.

Онда ата-аналар “Масқара, қызым 3 сынып оқиды. Алайда кітапты қарамаппын”, “Қазірден осындай өлең жаттаса, ертең өскенде не істейміз?” деп түрлі пікір қалдырған.

Балалар ақыны өлеңге талдау жасады

Белгілі балалар ақыны Серікбол Хасан аталған өлеңге қатысты өз ойын білдірді.

“Ертай Ашықбаев - балалар әдебиетінің ірі өкілі, қазіргі таңда балаларға арналған мазмұнды әрі түсінікті шығармаларды тұрақты түрде жазып жүрген қаламгер.Бұл өлеңге қарап Ертай ағамыздың шығармашылығына баға беруге болмайды. Өлең өте жақсы, тағылымды туынды. Балалар әдебиетін терең түсінетін адам бұл өлеңнің мәнін ұға алады. Өйткені мұнда ирония мен сатира бар. Бұл – мазақтама жанрына жататын өлең”, – деді Серікбол Хасан.

Ақынның айтуынша, “мазақтама” жанры қазақ балалар әдебиетінде бұрыннан бар. Мысалы, “Жалқаудың арманы” сияқты өлеңдер арқылы авторлар жалқаулық, бұзақылық сынды мінез-құлықты сынап, балаларды тәрбиелеуді көздеген.

“Бұл өлең де сол дәстүрмен жазылған. Бірінші жақтан айтылғандықтан, ғаламторға тәуелді баланың сөзі сияқты әсер қалдырады. Бірақ түпкі мағынасы “сондай болма, ғаламторға байланып қалма” деген ой. Демек, бұл өлеңде тәрбиелік мән бар”, – дейді ақын.

Серікбол Хасан қазіргі уақытта кейбір адамдардың әдеби жанрларды ажырата алмайтынын, соның салдарынан өлең мағынасын дұрыс түсінбеу байқалатынын айтты.

“Біз әдебиет оқымаймыз. Сондықтан кей жанрларды түсінбей, дұрыс бағаламай жатамыз. Қазір әлем әдебиетінде де, біздің қоғамда да құндылықтардың орны ауысып жатыр. Кейбір ұғымдар жойылып, жаңа көзқарастар қалыптасып жатыр. Сол себепті мазақтама сияқты жанрларды кей адамдар балаларды кемсіту деп қабылдайды. Бірақ бұл қате пікір. Бұл жанрдың тәрбиелік мәні жоғары, өлең балаларға арналған сатиралық бағыттағы шығармалардың бірі”, – деді ол.

Сондай-ақ ақын аталған өлеңнің түпнұсқасы мен оқулықтағы нұсқасы арасында айырмашылық бар екенін атап өтті.

“Интернеттен қарасам, Ертай ағаның түпнұсқасында өлеңнің тақырыбы “Менің сыныптасымның ғаламторға тәуелділігі” деп аталған екен. Ал оқулықта қысқартылып, тақырыбы өзгерген. Соның салдарынан мағынасы да сәл бұрмаланған. Оқулық авторлары шығармаларды енгізер алдында міндетті түрде автордың өзімен ақылдасып, келісуі керек. Өйткені шығарманы қысқарту немесе атауын өзгерту түпкі мағынаны бұзып жібереді. Бұл - оқулық құрастырушылардың қателігі”, – деді ол.

Сондай-ақ Серікбол Хасан қазіргі қоғамдағы құндылықтар өзгеріп, кейбір адамдар бұрыннан бар әдеби тәсілдерді “дискриминация” деп қабылдай бастағанын айтты.

“Қазір менің өзімнің де кейбір өлеңдерім осындай сынға ұшырап жатады. Мысалы, “Менің бағам” деген өлеңім бар. Онда “үш алған бала – осындай, төрт алған жақсы, бес алған өте жақсы” деген сияқты жолдар жазылған. Бұрын бұл қалыпты еді, ал қазір мұны дискриминация деп қабылдайды. Яғни “үш алған бала да мықты болуы мүмкін” деген жаңа көзқарас пайда болды. Бұл қоғамдағы өзгерістердің көрінісі. Бірақ осындай ұғымдар әдебиеттегі дәстүрлі жанрлардың жойылып кетуіне әкеліп жатыр”, – дейді ақын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар