Оқу мен тәжірибе ұштасқанда

Dalanews 11 қар. 2017 12:12 842

Бүгінгі күні еліміздегі агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсініп отыр. Сондықтан қазіргі кезде заман талабына сай білім-ғылым-өндіріс интеграциясын дамыту маңызды. Бұл ретте отандық ауылшаруашылығы білімі мен ғылымының көшбасшысы – Қазақ ұлттық аграрлық университетінде республика агроөндірістік кешеніне білікті маман дайындау ісінде инновациялық бағытта ілгері қадамдар жасалуда.

Осы мақсатта біз студенттеріміздің, магистрантранттар мен PhD докторанттарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 6 айға дейін ұзарттық. Бұл ретте студент 10 апта аудиторияда тәжірибелік сабақ алса, мамандығы мен ауылшаруашылығындағы өз салаларына байланысты 10 апта өндіріс орнында болады. Жекелеген мамандықтар бойынша теориялық сабақтар да өндіріс базасындағы оқу-білім беру орталықтарында өткізіледі. Бұл жерде айтатын бір мәселе: cтуденттердің орындайтын дипломдық, магистрлік және докторлық диссертациялары негізінен өндірістік тәжірибе өткізілген шаруашылық пен өздері шыққан өңірлер бойынша зерттеліп, жазылуы керек. Бұл өз кезегінде студенттің білімін шыңдап, біліктілігін арттыруға мүмкіндіктер беретіне сөзсіз.

Жуырда 2016-2017 оқу жылында «Аграрлық техника және технология» мамандығы бойынша 3-курс студенттерінің өндірістік практикасы емдік-профилактикалық сүт өнімін өндіруші «Амиран» Қазақ тағамтану академиясы зауытының жанындағы «Амиран-Агро» ЖШС-да өндірістік практикасы ұйымдастырылды.

Бүгінде «Амиран-Агро» ЖШС иелігінде 1870 га суармалы жер, механикаландырылған жұмыстарды орындау мақсатында механикаландырылған кешен және жылына 8 760 000 литр сүт өндіруге мүмкіншілік беретін сүт фермасы кіреді. ЖШС ауыл шаруашылық техникалары мен жабдықтарының жалпы құны 6 миллиард 700 миллион теңгені құрайды. Шаруашылықта 257 га жүгері 450 га жоңышқа, 532 га соя, 150 га бидай, 450 га-ны арпа дақылдары алып жатыр. Шаруашылық МТП-сының негізін әлемдегі жетекші ауыл шаруашылық техникасын өндіруші болып табылатын «John Deere» компаниясында шығарылған заманауи машиналар болып табылады.

Өндірістік практикаға дайындық барысында «Аграрлық техника және технология» кафедрасында шаруашылықтың өндірістік сипаттамасы және МТП құрамы, механикаландырылған жұмыстарды ұйымдастыру жағдайын ескере отырып, практиканы ұйымдастыру бойынша жұмыс орындарында студенттер орындайтын мәселелері жоспарланып талқыланған. 3-курс студенттері 4 жұмыстық звеноға бөлінді және егін және мал шаруашылықтарында өндірістік процестерді кешенді механикаландыру және автоматтандыру, техникалар мен жабдықтарды техникалық пайдалану мәселелерін меңгеру бойынша 5 жұмыстық орын ұйымдастырылды.

Практика барысында жаңа техникалар мен жабдықтарды, егін шаруашылығында және сүт фермасындағы ауылшаруашылық техникаларын басқару, сондай-ақ техникаларын жұмысқа дайындау және техникалық пайдалану мәселелерін меңгеруге аса көңіл бөлінді. Жұмыстық орындарда студенттердің тапсырмаларды орындауы практика жетекшілері «Аграрлық техника және технология» кафедрасының аға оқытушылары А.Оспанов пен А.С.Үшкемпірова, сондай-ақ ЖШС маманы – бас инженердің қадағалауымен іске асырылады.

Практика барысында студент машина-трактор агрегатын, мәселен, құрамында John Deere тракторы кіретін сепкіш агрегатты басқара отырып, тракторлық агрегатты басқарудың заманауи жүйелерін – навигациялық, себу агрегатының технологиялық параметрлерін бақылау жүйелерін меңгереді.Сонымен қатар, ЖШС-да студенттер үшін барлық тұрмыстық  және демалысын ұйымдастыру бойынша барлық жағдайлармен қамтамасыздандырылған. Сөйтіп, «Амиран-Агро» ЖШС-нда студенттердің өндірістік практикасын ұйымдастыру білімгерлерді алған білімдерін тереңдетуге және оны жүйелендіруге, өндірістік оқыту барысында үйренген  практикалық істей алу қабілеттілігі кәсіби біліктілік ретінде  қалыптасуына мүмкіншілік береді.

 

Нұрлан КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

ҚазҰАУ Инженерлік факультетінің деканы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар