− Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді орындауда Сіздердің ұжымдарыңызға да артылар жүк ерекше. Өйткені, бүгінде әлем көбінесе, экономиканы ғана дамытуға бет алған тұста болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие берер, рухани азық қалдырар мәдениет мекемелерінің жауапкершілігі орасан деп білемін. Сондықтан, бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейтін вокал труппасы, хор әртістері, балет труппасы және оркестр әртістерінің жұмыстарды жаңа әлемдік бағытта дамытуын қалар едім. Мәселен, театр ұжымына өнердің мюзикл жанрын әлемдік және ұлттық нақышта дамытуды ұсынар едім. Себебі, қазір бүкіл әлем бұл жанрға қызығады, көптеп барады, − деген әкім опера мен балет өнеріне халықты көптеп тартудың жолдарын қарастыру қажеттігін айтты.
Рухани саланы дамытуда театр әртістерінің әлеуметтік жағдайын реттеуге барынша қолдау білдіруге тырысатынын айтты.
Өз кезегінде, мәдениет мекемесінің бетке ұстар әртісі ҚР Мәдениет қайраткері Үралхан Сейлбекова арнайы келген өңір басшысына алғысын білдірді. Вокал әртісі аймақ басшысының мәдениет қызметкерлерімен болған жүздесуінде Оңтүстік өнері мен мәдениетін халықаралық деңгейге көтеру ниетіндемін деп айтқан сөзі барша сала мамандарына екі есе жауапкершілік жүктегенін айтты. Сондай-ақ, ол өңірдегі мәдениет қызметкерлерін Түркияға арнайы жібергені үшін алғысын білдіріп, бұл шығармашылық жандарды одан әрі шабыттандыратынын жеткізді.
Ал театрдың бас дирижері Қуаныш Исмаилов биылғы Түркістанда өтіп жатқан Түрксой ұйымының түрлі іс-шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын айрықша атап айтып, түрлі гастрольдік сапарларға қолдау білдіруді сұрады.
Айта кету керек, опера өнері арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды халыққа жеткізу, қойылым және мәдени қоғамдық жұмыстар ұйымдастыру, ұлттық дәстүрді жаңғырту мақсатында көрермендерге спектакльдер қою мақсатында облыстық опера және балет театры 2007 жылы құрылған болатын. Бүгінде 200-ден астам театр әрітістері мен қызметкерлері бар өнер ордасының репертуарында 16 спектакль бар.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі