Оңтүстікте су дағдарысы: қоймаларда 2 млрд текше метр кеміді

Самал Асқар 13 қаң. 2026 11:14

Оңтүстік өңірлердегі су қоймаларының толымы былтырғы көрсеткіштен шамамен 2 млрд текше метрге төмен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. Оның айтуынша, Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында, көршілес елдер аумағында орналасқан су қоймаларындағы су көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 млрд текше метрге азайған. Ал Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы қоймаларда су 1,9 млрд текше метрге кем.

Министр мұндай жағдай күз-қыс мезгілінде жауын-шашынның аз түсуі, мұздық ағысының қысқаруы және климаттың өзгеруімен байланысты екенін айтты.

«Бұл – ұзақ мерзімді сипатқа ие объективті шындық. Сондықтан біз жүйелі бейімделуге көшуіміз керек. Министрлік 2026 жылғы суару маусымына дайындықты бастап кетті. Ақпан айында ең пессимистік сценарий бойынша су пайдалану лимиттері нақтыланады, ал наурызда Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс құрылымын қайта қарайды», – деді Нұржігітов.

Сондай-ақ министрлік диқандарды суды көп қажет етпейтін дақылдарға көшуге шақырды.

Еске салайық, былтыр желтоқсанда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев алдағы вегетациялық маусымда оңтүстік өңірлерде су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін екенін айтқан еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove