«Бұл күн – жаңа оқу жылына, жаңа жетістіктер мен табыстарға бастау беретін күн. Білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін ғаламат құндылық. Ал, осы бір ұлы құндылықты бойға сіңіретін тұлға – мұғалім. Яғни сіздерсіздер, құрметті ұстаздар! Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында білім мен ғылымды жетілдіру, жас ұрпақ тәрбиесі мәселелеріне баса көңіл бөлгені баршаңызға белгілі. Сондықтан да Сіздерге, жүктелер міндеттің салмағы да басым», - деді әкім.
Тоғыз мың тұрғыны бар «Сәуле» шағын ауданында бой көтерген жаңа мектеп 1200 балаға шақталған. Үш ауысымда білім беріліп келген мектепте бүгінде оқушы саны 1350-ді құрайды. Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын типтік оқу орны 3 қабаттан тұрады. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынған мектепте химия, физика, биология лабораториялары, мультимедиялық-лингофондық кабинеттер мен компьютер сыныбы, кітапхана, мәжіліс және оқу залы бар.
Мұнан соң, өңір басшысы «Достық», «Қайнарбұлақ» шағын аудандарында осы күні ел игілігіне берілген 1200 орындық мектептерді аралап көрді. Білім ордасының жұмысымен танысқан аймақ басшысы оқушылардың еңбекке баулу кабинеттеріндегі ерлерге арналған шеберханалар мен қыздардың тігін цехімен танысты. Сондай-ақ, саз балшық шеберханасында да болды. Ж.Қансейітұлы ұзтаздармен болған әңгімеде шәкірттерді жалпы білім алудан бөлек, оқушыларға тереңдетіп білім беріп, түрлі кәсіптік білім беру мамандықтары – тігін тігу, темір ұстасы шеберханасы, қолөнер жасау сынды үйірмелер аясында арнайы куәліктер беру жағын ойластыру қажеттігін еске салды. Бұл ретте, облыс басшысы Елбасының жастарды кәсіптік білім алуға көптеп бағыттау тапсырмасы аясында берілген осынау куәліктердің артықтық етпейтінін ескертті. Әсіресе, балалар тәрбиесіне алаңдаған әкім мектеп пен үйдің арасындағы байланыс үнемі ұштасып, ата-анамен арадағы қатынасты бекемдеу арқылы тәрбие, тазалыққа қатысты бірлескен жұмыстардың ұйымдастырылуы керектігін айтты.
Айта кету керек, бүгінгі алғашқы Білім күні – 2017-2018 жаңа оқу жылы өңірімізде 20 мектептің пайдалануға берілуімен ерекшеленіп отыр. Ел игілігіне берілген білім мекемелерінің 15-і «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жүргізілген.
Бүгін жұмысын бастаған мектептердің 6-уы жаңадан ашылып отыр. Нәтижесінде өңірдегі орта мектептің саны 1021-ден 1027-ге жетті. Аталған мектептерде оқу жылында 640 мыңға жуық оқушы білім алса, олардың 73 мыңы бірінші сыныпқа барады. Ал шәкірттерге облыста 69 мыңнан аса мұғалім білім береді.
Жыл соңына дейін тағы 9 білім беру нысаны ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Осылайша, өңірдегі 8 апатты және 12 үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі дейді салаға жауапты жетекшілер. Ал қалған 23 мектептің құрылысы 2018-2019 жылдары жүргізіліп, апатты және үш ауысымды білім нысандарының мәселесі түбегейлі шешімін таппақ.
Сондай-ақ, аймақтағы 2, 5, 7 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына бағытталған жаңа оқулықтармен қамтамасыз етіліп отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі