Қазыналы қартты мейраммен құттықтап, ыстық лебізін білдірген аймақ басшысы қарияға сыйлығын табыстады.
«Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, сый құрмет көрсету парызымыз. Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын. Әрқашан, шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйіңізден жылылық кетпесін. Жанұяңызға береке, бірлік тілеймін!»
деген Жансейіт Қансейітұлы қарт анамен әңгімелесіп, естелік суретке түсті.
Екі ғасырдың куәсі болған, зұлмат жылдары аянбай тер төккен Назым әжей шаңырағына арнайы құттықтай келген облыс әкіміне алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Жастық шағын еске алып, ағынан жарылды. Әсіресе, Оңтүстік өңірінің көркейіп жатқанына қуанды.
Қаламыздағы ең қарт ана Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекенінде 1909 жылдың 1 қаңтарында шаруалар отбасында дүниеге келген. Саналы ғұмырының бірнеше жылы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген кейуана соғысқа дейін көп жылдар бойы жұмысшы болып еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан-тыл ардагері.
Тоғыз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Батыр ана бүгінгі таңда немере баласының үйінде тұрады. Отбасы мүшелері жеке кәсіппен айналысады. Бүгінде 25 немере, 15 шөбере сүйіп отырған кейуананың ойы анық, денсаулығы бірқалыпты.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 1,5 милионға жуығын нәзік жандылар құрайды. Ал өңірде 100 жастан асқан 88 қария өмір сүріп жатыр. Ұзақ жасаушы егде азаматтардың басым көпшілігі Шымкентте, Мақтаарал мен Сараығаш аудандарында тұрады. 100 жастан аса өмір сүріп жатқан қарттардың ішінде 70-ге жуығы тыл еңбеккерлері.
Облыс бойынша жыл көлемінде ұзақ жасаушы қарияларға бюджет және мекемелер, демеушілер есебінен мүмкіндігіне қарай бір жолғы материалдық жәрдем мен сый-сияпаттар беріліп келеді.
Мәселен, өткен 2016 жылы 77 қарияға 636,7 мың теңгенің материалдық қолдауы көрсетіліп, оның ішінде, жергілікті бюджет есебінен 86,9 мың теңге және демеушілер есебінен 549,8 мың теңгеге сыйлықтар үлестірілді.