Оңтүстік халқы Баян-Өлгей қазақтарына қол ұшын созды

Dalanews 26 шіл. 2016 03:21 879

10-11 шілде күндері Монголияның қазақтар қоныстанған Баян-Өлгий аймағында толассыз жаңбыр жауып, соның салдарынан аймақ орталығына сел түскен болатын. Сол селден зардап шеккен 300 отбасының тұрғыны – 700 адам баспанасыз қалған еді. Бүгін осы жандарға Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы көмек керуені аттанды – деп жазады BAQ.kz порталы.

Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін қазақстандық белсенділер арнайы қор құрып, атажұрттан алыстағы қандастарға көмек қолын созған болатын. Алыстағы қандастарға алғашқы көмек өткен аптада Астанадан жолданған. Қоғам белсенділері Аятжан Ахметжан мен Амангелді Құрметұлы өз қолдарымен тапсырып беру үшін Баян-Өлгийге жол тартқан.

Ал бүгін шырайлы Шымкенттен аттанған керуен облыс кәсіпкерлерінің демеушілігімен 7 тоннаға жуық ұн, 1 тонна макарон, 1000 банкі маринадталған қияр, 5000 дана шұлық және тағы басқа да азық-түлік тауарларды артып кетті.

Сонымен бірге, еріктілердің облыс тұрғындарынан жинаған 3 млн. теңгесі селден зардап шеккен ең тұрмысы нашар деген 5 отбасыға тұрғын-үй салу үшін құрылыс материалдары сатып алынады деп жоспарланған.

Гуманитарлық көмекті Баян-Өлгей аймағына «Бізбен бірге» қоғамдық қорының төрағасы А.Аңдабаев өзі табыстап қайтатын болады.

Атажұрттан жырақтағы қандастардың жағдайына алаңдаған облыс әкімі Б.Атамқұлов өз тарапынан қолдау көрсетсе, облыс әкімдігінің қызметкерлері бір күндік жалақыларын қандастарымыз үшін аударған. Және бір айта кетерлігі әкімшілік кедендік құжаттарды рәсімдеуге, Баян-Өлгийге апаратын жүкті тиейтін көлік мәселесін және басқа да ұйымдастырушылық жұмыстарға қолдау көрсетті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар