Оңтүстік Қазақстанда 113 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

Dalanews 04 сәу. 2017 03:38 905

Биыл облысымызда 524,5 мың шаршы метрді құрайтын 169 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Сондай- ақ жыл соңына дейін 113 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау  жоспарланып отыр. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен әкімдіктің алқа  мәжілісінде облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Салыхан Полатов мәлім етті. Мемлекеттік  «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының өңірдегі іске асырылу барысын баяндаған  Салыхан Сабырұлы негізгі бес бағытқа тоқталды.

Бірінші бағыт – ипотекалық несие берудің қолжетімділігін арттыру болса, келесі бағыты – жеке құрылыс салушыларды ынталандыру. Мұнда жеке құрылыс салушыларды ынталандыру мақсатында екінші деңгейдегі банктерге  несие беру көлемдерін кеңейту арқылы құрылыс компанияларын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету негізге алынған.

Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы кредиттік баспана  салу  үшінші бағытта көзделген. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жалға берілетін  тұрғын үй құрылысы төртінші бағытта. Ал, бағдарламадағы бесінші бағыты - жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Бұл бағыттың шеңберінде көптеген озық әлемдік  қалалардың үлгісінде бірыңғай сәулеттік стильде жеке тұрғын үйлер салуға басымдық беріледі.

Сондай-ақ, өткен жылы облыста 242 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп,131 тұрғын үй пайдалануға берілген. Қалған 111 тұрғын үй құрылысы 2017 жылға өтпелі болған.

Мәжілісте  сөз алған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының өзінде 30 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұрғандығын оларды қамту мерзімі әлі нақтыланбағанын алға тартты.

«Оңтүстік ӘКК» арқылы инвесторлар  тарту керек. Бос пайдаланбай жатқан жерлер көп. Жер иелері көпқабатты тұрғын үй салуы керек шамасы жетпесе жерді мемлекетке қайтаруы тиіс» – деді қала басшысы.

Баяндамашылардың есебін тыңдаған облыс әкімі  құрылыс саласындағы атқарылып жатқан іс-шараларға көңілі толмайтынын жеткізіп, аталған сала басшыларын сынға алды. екендігін айтқан аймақ басшысы үй тұрғызғанда оңтүстіктің  ауа райы да назардан тыс қалмауын ескертті.

«Тұрғын үй құрылысына жеке инвесторлар тартуды қолға алып, көпқабатты баспаналардың қатарын көбейтуіміз қажет. Қам кесектен жер үй салуды тоқтатып, сейсмикалық талаптарға сай еткен абзал. Сәулет , құрылыс, мемлекеттік сәулет бақылау басқармалары бірлесіп, тұрғын үй құрылысын дамытудың жаңа кешенді бағдарламасын әзірлеуі тиіс. Бұл іске аудан, қала басшылары да атсалысуы керек. Егер дəл қазіргі қалпымен кете берсе,  117 мың гектарды алып жатқан Шымкент үлкен  ауылға айналып кетеді. Қаланың сәулетті келбетін қалыпқа келтіру үшін бірлесіп жұмыс атқаруды тапсырамын», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, инфрақұрылым нысандарының құрылысы бойынша Республикалық бюджеттен  7,8 млрд. тенге бөлінді.  Аталған қаржыға облыста 14 нысанның құрылыс жұмыстары  жүргізіледі. Ағымдағы жылы 3 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланса 11 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Жыл қортындысы бойынша 6119 жеке тұрғын үйлерге және 384 көп қабатты тұрғын үйге инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізіледі.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар