Оңтүстік Корея президентіне елден шығуға тыйым салынуы мүмкін

Қаракөз Амантай 09 жел. 2024 12:44 628

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльге шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл ақпаратты Yonhap News агенттігіне полиция растаған.

Оңтүстік Корея полициясы Юн Сок Ельдің әскери жағдай енгізуіне байланысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты президентке елден шығуға тыйым салынуы мүмкін.

Аталған істі тергеу үшін полиция шамамен 150 тергеушіден тұратын арнайы топ құрды.

"Алдымен қажет материалдарды жинауымыз қажет. Жан-жақты талдау негізінде шешім қабылдаймыз", - деді полиция өкілі Ву Чжон Су.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель елде әскери жағдай жариялады.

Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.

Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.

Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.

Араға ұзақ уақыт салмай ел президенті әскери жағдай енгізгені үшін халықтан кешірім сұрады.

Ол бұдан былай мұндай қадамдарға бармауға уәде берді.

"Шын көңілден халықтан кешірім сұраймын", - деді ол.

Ел президентінің айтуынша, мұндай шараға мәжбүрлі түрде барған.

"Әскери жағдай жариялауға байланысты жауапкершіліктен жалтармаймын", - деді ол.

Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады.

"Корея Республикасы президенті Юн Сок Ель әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан азаматтарын сабыр сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз", — деп жазылған хабарламада.

Қазақстан азаматтары төтенше жағдай кезінде жедел байланыс үшін мына нөмірлерге хабарласа алады: +8210-6572-9311.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар