«Өнерлі өлке»: Түркістан қаласы түркі елдерінің бірілігінің сиволы

Жарбол Кентұлы 23 там. 2024 04:27 407

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Түркістан қаласының мәдениет күндері қорытындыланды. «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен гала-концертке қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып, сахна төрінде жұртшылыққа жылы лебізін білдірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Биыл Түркістан – түркі мемлекеттерінің туризм астанасы мәртебесін иеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастау керек деп, көне шаһарға ерекше мән беріп келеді. Қаламыз алдағы уақытта да бауырлас елдерге ортақ рухани астана ретінде дами беретіні сөзсіз, – деді қала басшысы.

Мәдени шараға қала тұрғындары мен қонақтары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Гала-концертте елімізге танымал эстрада жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы мен Кеңес Әлімжан ән шырқап, қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Концерттік бағдарламада «Яссы» халықтық би ансамблі мың бұрала би билеп, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары қоңыр үнмен Түркістан аспанын сазға бөледі. Өнер сүйер қауым әншілермен қосыла ән айтып, мерекелік кештің сәнін кіргізді.

Айта кетейік, екі күнге созылған мәдениет күндері барысында Этноауылда ұлттық құндылықтар насихатталып, төл өнеріміз паш етілді. Келесі көшті 23-24 тамыз күндері Жетісай ауданының өнерпаздары жалғайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар