«Қазгидромед» мекемесінің мәліметінше, Қазақстанда экологиялық ахуалы ушыққан қалаларға өндірісті 45 қала мен ірі 10 қала еніп отыр. Үлкен қалалардағы экологиялық жағдайдың ақсауына жақын орналасқан өндіріс ошақтары, жылу орталықтары және шамадан тыс көлік ағыны кері әсерін тигізіп отырғаны айтпасақ та түсінікті.
Экологиялық ахуалы сын көтермейтін ірі қалаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанда, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент жатады. Мемлекет басшысы алдағы жақын уақытта аталған қалалардағы ауаның тазартып, экологиялық мәселелерді реттеуді тапсырған болатын. Сала мамандары экологиялық ахуалы сын көтермейтін қалалардағы ауаны зерттегенде жағдайды ушықтырып отырған негізгі үш мәселені атап көрсеткен.
Айталық, ғалымдар Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы ауаның ластануына жылу электр сансалары, автокөлік пен жеке сектордан шығатын түтін кері ықпал еткенін атапты. Ал Өскемен мен Теміртаудағы экологиялық ахуалдың асқынуына басты көзі ретінде өндірісті атаса, Атырау мен Ақтөбедегі экологиялық ахуалдың нашарлауына ескірген кәріз жүйелерін атап көрсетіпті.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің таратқан мәліметінше, қазіргі таңда аталған қалалардағы жағдайды реттеу үшін «Жол картасы» әзірленіп, қызу жұмыстар қолға алынған. Осы ретте Экология министрлігі ірі қалалардағы экологиялық ахуалды реттеу барысында «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырмдамасы аясында жергілікті жердегі экобелсенділермен бірлесіп, талқылаулар өткізіп, мәселені шешу үшін 17 Жол картасын әзірлегенін айта кетуіміз керек. 2025 жылға дейін Жол картасының аясында 485 нақты іс-шара жұмыстарды жүзеге асыру көзделген. 2021 жылдың соңына дейін 95 шараны жүзеге асыру жоспарланғанын айта кетуіміз керек.
– Экологиялық ахуалы сын көтермейтін 10 қаладағы ауа сапасын жақсарту үшін жақын-жуықта көмір жағатын ЖЭС-ді газға көшіріп, баламалы қуат көздерін дамытуға күш салатын боламыз. Өндірісті қалалардың іргесінде орналасқан кәсіпорындар 2025 жылға дейін қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтарын 20-30 пайызға дейін төмендетуге міндеттелді. Бұл үшін олар өндіріс орындарында заманауи технологиялар енгізіп, көздеген мақсатқа қол жеткізетін болады. Еліміздегі ең ірі мегаполис Алматы қаласында қазіргі таңда атмосфераға тарайтын зиянды заттардың көлемі 2020 жылы 144 мың тоннаға жеткен. Қаладағы ауаның ластануына ЖЭС әсері 47 пайызды құраса, автокөліктің үлесі 52 пайызға жеткен. Ал жеке сектордан шығатын түтін қаладағы ауаның ластануына 14 пайыз кері әсерін тигізіп отыр, – дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасы Зулфухар Жолдасов.
Өз кезегінде комитет төрағасы Алматыда газбен жұмыс істейтін ЖЭС-2 құрылыс жұмысы 2026 жылы аяқталатынын және ЖЭС-3 жаңғырту жұмыстары жүргізілгеннен кейін, қаладағы ЖЭС-тердің атмосфераға шығаратын улы заттардың көлемі 6 есе азайып, 83 пайызды (36 мың тонна) құрайтынын айтты.
Дәл осындай жұмыстар елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында да қолға алынуда. 2020 жылғы есеп бойынша елордада ЖЭС-дің атосфераға шығаратын улы заттары 33 пайызды (64 мың тонна) құраса, жеке сектордың 29 пайызға жеткен. Осыған дейін Нұр-Сұлтандағы ЖЭС-1, ЖЭС-2-нің 4 қазандығы газға ауыстырылған болатын. Ал үстіміздегі жылдың аяғына дейін қалған 12 қазандық газға ауыстырылса, бас қаладағы экологиялық ахуал айтарлықтай жақсаратын болады. Ал жеке сектордың бәрін газдандыру ісі 2023 жылы аяқталатынын ескерсек, елордалықтардың кең тыныстайтын күні алыс емес.
Бүгінде елорда әкімдігі қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында дизель отынымен жүртін қоғамдық көліктерді сатып алу ісіне тыйым салғанын атап айтуға болады. Бұдан бөлек әкімдік ҚТЖ-мен ардағы келсімге сәйке қала маңындағы елдімекендер мен қалаларға қатынайтын электр пойыздарды жүргізуге уағадаласқанын атап айтуға болады.
Дизель отынмен жүретін жүк көліктері үшін қала сыртында арнайы көлік тұрақтар салынады. Осылайша олардың қала ішіне кіріп, ауаны ластауына жол берілмейді. Сонымен қатар қаланың өкпесін ашу үшін алдағы екі жылда 1 млн ағаш отырғызу көзделген.
Соңғы уақыттары Нұр-Сұлтан қаласы қарқынды өскендіктен қала ішінде жел соғу үрдісі айтарлықтай кемігені белгіл. Алдағы уақытта тиісті сала мамандары бас қаладағы желдің соғу траекториясына мониторинг жүргізуді қолға алады. Осындай қабылдаған іс-шаралар елордадағы экологиялық жағдайдың жақсаруына негіз болатыны анық.
Нұрлан Жұмахан
https://dalanews.kz/news/68465-almatynyng-qoqysyn-ongdeytin-zauyt-ker