Ақмола облысында ауа райы нашарлауынан мыңға жуық көлік жолда тұрып қалған

Көркем Алдабергенова 04 қар. 2025 15:04

Ақмола облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты қысқы шиналары жоқ 1064 автокөліктің жолға шығуы уақытша шектелді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ішкі істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап

Министрліктің мәліметінше, өңірде қатты көктайғақтың пайда болуына байланысты полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істей бастады. Тек алғашқы күні-ақ жазғы шиналармен жүрген 1064 көлік қозғалыстан уақытша тоқтатылған.

Мұндай жағдайлардың басым бөлігі облыстық және республикалық маңызы бар трассаларда тіркелген – 430 дерек. Көкшетау қаласында шамамен 100 көлікке шектеу қойылған, қалғандары аудандық жолдарда анықталған.

"Бірнеше мәрте ескерту жасалғанына қарамастан, кей жүргізушілер жазғы резеңкемен жолға шығуға тәуекел етті. Алайда қабылданған шаралардың және патрульдердің үйлесімді жұмысының арқасында бұл күні зардап шеккен немесе қаза тапқан адамдармен жол апаты тіркелген жоқ", – деді Ақмола облысы ПД бастығының орынбасары Серік Абуталипов.

Патрульдік қызмет өкілдері жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсеткен. Сонымен қатар аймақтың жол қызметтері тәулік бойы көктайғақтың салдарын жоюмен айналысты. Республикалық маңызы бар трассаларды өңдеу үшін 190 арнайы техника және 900 тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал пайдаланылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар