Омар Жәлелдің бұрынғы әйелі оны сотқа беретінін мәлімдеді

Көркем Алдабергенова 07 қар. 2025 11:22

Омар Жәлелдің бұрынғы әйелі Лязат Мырзаш күйеуін сотқа беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Лязат Мырзаштың сөзінше, Омар Жәлелді сотқа беруіне оның жазбасы себеп болған. 

"Бәріңіз жарыса таң азанмен жолдаған Омардың постын оқыдым және өз сөзіне өзі жауап бере алмағандығы үшін балалары үшін жауапкершіліктен бас тартып отырғаны үшін сотқа беремін деп шештім. Өз балаларын, менің 9 ай көтеріп, толғатып туған ұрпақты құнсыздандырғаны үшін сотқа беремін-деп шештім. Биыл маскалар шешілетін жыл! Маған жәрдем бере алатын адвокаттар болса жекеге шығыңыз, немесе осында белгілеңіздерші", - дейді Мырзаш. 
 
Күні кеше Омар Жәлел тоқал алуға қатысты жазба жариялаған болатын.
"Менің айналамда тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі - менмін. Біз әдетте нәпсінің қалауын ұрпақ, отан, т.б. биік ұғымдармен көлегейлейміз. Ұрпақ керек болса, - бір әйелден де өрбітуге болады. Нәпсіңе ие болсаң, энергияңды сыртқа шашпасаң - ұрпағың көп болады.
Бұрын тоқал алу - қажеттілік болған, қазір - нәпсінің қалауы, құмарлық, қала берді - мақтан. Бұрын мен осы мәселені көп көтердім. Айттым. Айтқан нәрсе міндетті түрде жүзеге асады екен.Ұрпақ дедік. Негізгі ұранымыз осы болды. Бірақ берекені ойламадық. Ойлауға шамамыз да болмады. Басы қатты нәпсімізді тоқтата алмадық. Қайратымыз жетпеді", - дейді Омар Жәлел.
Жәлел басынан өткен оқиға - "ащы тәжірибе болғанын" айтады. 
 
"Біраз адамдарға жел бердім. Әлі күнге дейін біраз жігіттер "Сіздің осы әңгімеңіз ұнайды" дейді. Нәпсілеріне ұнап тұрғанымен шаруасы жоқ. Қызба бастар көргісі келеді. Артын ойлап жатқан ешкім жоқ. Оларға бұл - қызық. Шыжығын ешкім ойлап жатқан жоқ. Ал мен, "тоқал алмаңдар" деймін. Өз ащы тәжірибемнен айтып отырмын. Отбасының шырқын бұзбаңдар. Алған жарларыңды қадірлеңдер. Ұрпақ керек болса, солар- ақ туып береді. Бұл сөзді мен айтуға тиіспін. Үйткені көп жігіттер менің сөзіме ерді. Менің сөзім оларға демеу болды. Елдің алдында жүрген соң әр сөзіңе жауап беруің керек. Мен осылай өзімнің қате айтқан сөзіме жауап беріп отырмын", - дейді ол. 
Омар Жәлелдің сөзінше, ол "өз идеясының құрбаны". 
"Егер менің әсерімнен отбасы бұзылса, иіліп тұрып кешірім сұраймын. Мен - өз идеямның құрбанымын. Бұл идея іс жүзінде өзінің дұрыс еместігін көрсетті. Бұрын тоқалды бәйбішелер өздері алып беретін. Бұл мәселе өмірлік қажеттілігі болғандықтан ғана даналықпен шешілетін. Ол заман енді келмеске кетті. Заман өзгеріп кетті. Он тоғызыншы ғасырдың идеясы қазір өтпейді. Мен осыны айтайын деп едім. Мен осыны айтуға тиіс едім. Бұны менің айтуға хақым бар. Өйткені бұл "қызықты" молынан басымнан өткердім. Шәкәрімше айтсақ, апанға құлап кетіп, "апанға түспеңдер!" деп айқаласам, менің не кінәм бар?!", - дейді Омар Жәлел. 
 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар