Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин Азияның су спорты ұйымының басшылығына кірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жүзуден Олимпиада чемпионы, сондай-ақ «Qazaq Aquatics» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Дмитрий Баландин Asia Aquatics ұйымы бюросының құрамына енді. Asia Aquatics – Азия құрлығындағы су спорты түрлерін дамытуға жауапты жетекші ұйым.
Жаңа мәртебеге сәйкес Дмитрий Баландин ұйым бюросының жұмысына қатысып, құрлықтағы су спортының дамуына қатысты негізгі мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ стратегиялық шешімдер қабылдау процесіне атсалысады.
Бұл тағайындау Қазақстанда өтетін ірі халықаралық жарыс қарсаңында жүзеге асты. 2026 жылғы 15–17 қазан аралығында Астана қаласы алғаш рет World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 жүзуден әлем кубогы кезеңін қабылдайды.
Мамандардың пікірінше, қазақстандық Олимпиада чемпионының Asia Aquatics басшылығына енуі еліміздің халықаралық спорт ұйымдарындағы беделін арттырып, су спортының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін.