"Олар өрттің өтінде жүреді". Жүздеген адамды ажалдан арашалап қалған құтқарушылар не білеміз?

Dalanews 30 қыр. 2021 14:25 1014

Алдағы айда еліміздегі өрттің өтінде жүретін мамандар кәсіби мерекесін атап өтпек.

Dalanews.kz осы орайда Алматы облысындағы ерлігімен аты шыққан өрт сөндірушілерге тоқталып, оларды оқырманға таныстыра кеткенді жөн көрді.

Алматы облысының Алакөл ауданы Ақши елді-мекенінде орналасқан облыстық Төтенше жағдай басқармасына қарасты Жедел құтқару отрядының бөлімшесінде тер төгіп жүрген мамандар күллі аудан халқына танымал.

Бөлімше жетекшісі Марат Смағұлов өрт сөндіру саласында ширек ғасырдан бері еңбек етеді. Сонау 1997 жылы "азаматтық қорғау жүйесіне адал қызмет етемін" деп ант берген Марат мырза күні бүгінге дейін сертіне берік екенін дәлелдеп келеді.

Өткен жылдың желтоқсан айы мен үстіміздегі жылдың қақаған қаңтары аралығында Смағұлов басқарған бригада 4 бірдей жедел құтқару операциясына атсалысып, үскірік аязда қарға көміле жаздаған 30 адамды ажалдан арашалап қалды.


Қаңтардың бел ортасында, сақырлаған сары аязда атышулы "Үшарал-Достық" көлік жолының аса күрделі бөлігінде қабат-қабат жүк тиеген 9 ауыр көлік пен жол талғамайтын джип қалың қардың құрсауында қалып қояды.



 

Сол күні желдің жылдамдығы сағатына 20-23 м\с жетіп, дауылдан дала көрінбей қалады. Соған қарамастан құтқарушылар әбден құрсауланып қалған қардың көбесін арнайы техникамен, кейбір тұсында қолдарына қайла, күрек алып өз күштерімен бұзып, екі тәулік бойы жабылып қалған жолды аршып шығады.

Ең бастысы еңбек еш кетпейді. Әрекет түбі берекет деген, құтқарушылардың қажыр-қабілеті мен ерік-жігерінің нәтижесінде Марат Смағұлов бастаған бригада 15 адамды құтқарып, оларды қауіпсіз жерге жеткізеді.

Осы жолғы шомылу маусымында Марат Смағұлов демалуға келген қауымды жіті бақылайды. Айналдырған екі айдың ішінде оның жетекшілігімен 18 құтқару операциясы ұйымдастырылып, соның арқасында суға кете жаздаған 20 азамат құтқарылған екен. Өзгенің ғұмыры үшін өз өмірін қатерге тігуден тайынбайтын Марат Смағұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен "Ерлігі үшін"  медалімен марапатталды.

...

Азаматтық қорғау саласында егемендік алған елең-алаң жылдары өмірге келген Тәуелсіздік құрдастары көптеп тер төгіп жүр. Соның бірі Алматы облысы Төтенше жағдай департаментіне қарасты Текелі қаласының 15-ші өрт сөндіру бөлімінде істейтін Елдар Бөкенбай. 1991 жылдың күзінде өмірге келген Елдар осы бөлімдегі тәжірибелі өрт сөндірушілердің бірі.



Бұған мына бір оқиға дәлел:

Қыркүйектің бас кезінде қаладағы өрт сөндіру бөліміне көпқабатты пәтерді өрт шалғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түседі. Төрт қабатты үйдің үшінші қабатында орналасқан пәтердің бірінде электр жабдығы күйіп, тұтас ас үй отқа оранады.

Салдарынан үшінші және төртінші қабатта тұратын тұрғындар сыртқа шыға алмай, өз үйлерінде қамалып қалады. Бұл тұста кіреберісті қою түтін қаумалап алған болатын.


Алайда Елдар Бөкенбай саспайды. Жедел шешім қабылдап, төртінші қабатқа баспалдақ қойдырады. Онымен шұғыл жоғарыға көтеріліп, тұншыға жаздауға сәл-ақ қалған келіншек пен оның әлі кәмелет жасқа толмаған қос бүлдіршінін ажалдан арашалап қалады.

...

Азаматтық қорғау саласының аға сержанты Ардан Байғожан Талдықорғандағы №1 өрт сөндіру бөлімшесінде істейді. Әрі құтқарушы, әрі өрт сөндіру қызметін қатар меңгерген Ардан өз әріптестерінің арасында сыйлы, одан осы салаға енді-енді аяқ басқан жас мамандар үлгі алады.



Үстіміздегі жылдың қаңтар айында осынау бөлімшеге қаладағы ықшам ауданның бірінде орналасқан көпқабатты пәтерде алапат өрт шыққаны туралы хабар түседі. Оқиға орнына Ардан Байғожан бастаған №1 өрт сөндіру бөлімінің екі бригадасы аттанады.

Бұл тұста төртінші қабатта тұтанған өрт басқа да пәтерлерге тарай бастаған еді. Өрт сөндірушілер жедел барлау жүргізіп, пәтерде тұрғындардың қалып қойғанын анықтайды.

Осы тұста Ардан Байғожан дағдарып тұрған әріптестеріне жол көрсетіп, пәтерде қамалып қалған азаматтарды жедел құтқаруға қатысты жоспарын ұсынады. Соның нәтижесінде көпқабатты үйден екі ересек азамат пен бір бүлдіршін құтқарылды. Ал өрт көп ұзамай ауыздықталды


Ардан Байғожанның ерлігі Төтенше жағдай министрлігі тарапынан әрдайым ескеріліп отырады. Мәселен осыдан үш жыл өрт сөндіруші III-ші дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медалімен марапатталды. Ал биылғы жылы "Төтенше жағдай саласындағы ерен ерлігі үшін" төсбелгісін кеудесіне тақты.

...

Азаматтық қорғау саласында күні кеше оқуын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басқан жас мамандар да баршылық. Солардың бірі Талдықорған қаласында орналасқан №3 өрт сөндіру бөлімшесінің кіші сержанты, өрт сөндіруші маман –  Нұрсұлтан Баймұхамбетұлы.  1998-шы жылы дүние есігін ашқан Нұрсұлтан мамандығына құрметпен қарайды, өрт саласындағы тәжірибесі толықтыра түсуді көздейді.



Жыл басында жас өрт сөндіруші қаладағы ықшам ауданының бірінде тұтанған қызыл жалынды ауыздықтауға атсалысты. Жас та болса, бас бола білген Нұрсұлтанның шебер әрі жедел әрекетінің нәтижесінде тілсіз жау тез тізгінделіп, көпқабатты үйдің тұрғындары жас маманға алғысын жаудырды.

"Ең бастысы адамдардың өміріне қауіп төнген жоқ. Өрттің көршілес үйлерге таралуына жол бермедік", – дейді өрт сөндіруші.  Осы оқиға кезінде жанкештілік танытып, адам өміріне ара түскен Нұрсұлтан "Төтенше жағдай саласында көрсеткен ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

...

Бұл осынау қауіп-қатері басым салада адал еңбек ететін мамандардың бір парасы ғана. Күнделікті өмірде жүздеген, мыңдаған адамға қол ұшып созып, тілсіз жаумен арпалысудан тайынбайтын мамандар ең бастысы еңбегін міндетсінбейді. Олар үшін азаматтардың қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында. Тәуекелге басын тігу кез-келгеннің қолынан келмейтін іс.

Dalanews.kz анықтамасы:


Қазан айының 19-шы жұлдызы еліміздегі Құтқарушылардың күні. Биылғы жылы азаматтық қорғау саласымен тікелей байланысты құрылымдардың құрылғанына табаны күректей 26 жыл толады. Осыдан 26 жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен Төтенше жағдай комитеті құрылған еді.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар