Тұс-тұстан анталаған ресейлік ақпараттың қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін айыру мүмкін емес, әзір. Ақпараттық нарығымызды теріскей көршінің қолына ұстатып қойғаннан кейін не қауқар?!
Путин кім? Оның әрекеті жөн бе? Украинада не болып жатыр?
Естуімізше, біраз қазақ газеттеріне бұл туралы жазуға тыйым салыпты. Ал «КТК» мен «Еуразия» арнасының орыс жаңалықтары Кремльдің қожайынын ақтап алуға тырысатыны әуелден белгілі.
Алайда, әлем Путинге де, путиндік жүйеге де әлдеқашан әділ бағасын беріп қойған. Біздің мақсат мұны қазақ оқырманына көрсету. Кезінде Ресейден шеттетілген Кохтің шағын мақаласы біраз дүниенің басын ашып көрсететіндей. Біздікі әлемдік ақпарат пен ресейлік ақпараттың айырмашылығын көрсету. Орыс телеарналары мен баспасөзін күнделікті оқып, естіп жүрген қазақтар үшін әр жақтың пікірін білу, ортасынан ой түю маңызды.
Путин Брежнев емес қой. Соңғысы істің адамы еді, әрі әр қателігінен сабақ алатын.
1968 жылы Прагаға топырлатып танкі кіргізген Брежнев Батыспен айқасып абырой таппасын бірден түсінді. Сол себепті 1973 жылғы Израильдегі Ғарасат майданына араласпады. Арабтардың аяғына жығылғанына қараған жоқ, әрі «КГБ»-ның (ҰҚК) алапат қысымына төзіп берді.
Оның үстіне арабтар Израильге қолдау танытқаны үшін Батысқа мұнай эмбаргосын жариялаған тұста да КСРО шеттеп қалды. Осының арқасында Кеңес одағы өзінің еуропалық мұнай және газ нарығындағы позициясын бекітіп алды.
Батысқа ұнай түскісі келген Брежнев «қызыл империяның» тоталитарлық саясатын сәл-пәл жұмсартты. Мұның аяғы Хельсинки келісімшартына қол қоюмен аяқталды. Бұған сай КСРО адам құқығын қорғаудың басты басымдық екенін іс жүзінде болмаса да, қағаз жүзінде мойындаған болды.
Бірақ «қызыл империяның» бұл жүрісі де жемісті болды. КСРО сенімді әрі әр қадамын аңдауға болатын ел ретінде Батыстың сеніміне кірді. Артынша «газды құбырға алмастырған» келісімшарт жасалды. Осылайша Еуропа мен Ресейдің арасында заманауи энергетикалық байланыстың формасы қалыптасты.
[caption id="attachment_10043" align="alignleft" width="241"] Альфред Кох[/caption]
Алайда...
Өзінің ерекше құнды, тым құнды идеяларымен ауырып жүрген Путин Батыспен арада бұдан бұрынғы билеушілер қалап кеткен іргетасты біртіндеп қиратып жатыр.
Путин – ешқандай прагматик емес. Ол – доктринер (өзі ойдан шығарып алған теорияға көзсіз сенетін, шынайы өмірден мүлде алыстап кеткен адам). Айттым ғой, ол өзі ойлап шығарған ерекше құнды идеяларымен ауырып жүр. Жарайды, жөніне ауырса бір сәрі. Осы арқылы ол Ельцин мен Горбачев, тіпті Андроповтан бұрын, прагматиктер – Брежнев пен Косыгин қалап кеткен іргетасты бүлдіруде.
Батыс бізден сенімді серіктестікті және тұрақтылықты күтеді. Бүйтпедік екен, ендеше ертеңгі күні Еуропа біздің шикізаттан біртіндеп бас тарта бастайды. Ресейдің көмірсутек қорынан бас тарту әлдеқашан басталып кеткен. Мұны Еуропаға келіп-кетіп жүргендер көріп жүр. Дәлел керек пе? Жел станциялары саңырауқұлақтай көбейіп жатыр. Бос жердің бәріне күн батареяларын орнатып тастаған. Ал теңіз порттарында сұйытылған газды қабылдайтын жаңа терминалдар орнатылып жатыр. Батыстың құбыр инфрақұрылымы күн өткен сайын Ресейден тасымалданатын шикізатқа тәуелділіктен арылып келеді.
Кельн мамандары жүргізілген стресс-тесттің (белгілі жүйенің тұрақтылығын анықтайтын сынақ) нәтижесі көрсеткендей, Еуропаның Ресей газынсыз әзіргі күннің өзінде екі ай бойына еш қиналмай шығатын қоры бар екен. Енді бір бес жылдан кейін Батыс ресейлік шикізаттан мүлдем бас тартады. Ал бұл Ресейдің өз тауарын саудалайтын жалғыз ірі нарығы. Ендеше, Қырым мен Жаңаресейдің құны қаншалықты болады? Есептей беріңіз.
Қырымды тартып алып, Жаңаресей атты «ойыншық мемлекет» құрған Кремль бұған дайын ба? Ресейліктер әзір ойланбайды. Өз әрекетіне жауап беретін, яғни, Қырым мен Жаңаресейдің өтеуін төлейтін кезде ғана ақыл кіреді. Оған дейін ойланбайды. Орыс сондай халық.
Мені жек көргенде, ит терімді басыма қаптауға әзір отырған қарсыластарым айтатындай, «сендей немістің мұны түсінуге миың жетпейді».
Альфред КОХ,
Германия