Алматыда халықаралық деңгейдегі балалар ғылыми музейі ашылады

Алматыда халықаралық деңгейдегі балалар ғылыми музейі ашылады
Фото: Алматы әкімдігінен

Мемлекет басшысына Орталық Азиядағы тұңғыш балалар ғылыми музейі – Almaty Children’s Science Museum жобасы таныстырылды. Бірегей нысан биыл маусым айында келушілерге есігін ашуы жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоба әлемге танымал Science Centre Singapore орталығымен серіктестік негізінде жүзеге асырылуда. Сингапурлық тарап Алматыдағы музейге білім беру бағдарламаларының франшизасын және зияткерлік құқықтарын ұсынған. Сонымен қатар бастамаға Kingsmen Creatives Ltd компаниясы да қатысқан.

Музейдің басты ерекшелігі – халықаралық стандарттарды ұлттық мазмұнмен ұштастыру. Экспозициялар әзірленгенде қазақстандық ерекшелікке басымдық берілген.

Мұнда балалар киіз үйдің құрылымын ғылыми тұрғыда зерттеп, оның физикалық және инженерлік қырларын түсіне алады. Сондай-ақ Арал теңізіне қатысты экологиялық мәселелер мен табиғи құбылыстар жөнінде ақпарат алады.

Science Hub ACSM аясында галереялар мен зертханаларға арналған 130-дан астам білім беру бағдарламасы дайындалған.

Музей орналасатын орынның да тарихы бар. Орталық бұрынғы “Алмалы” сауда орталығының орнында ашылады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде бүлінген бұл ғимарат кейін мемлекет меншігіне өткен. Енді бұрынғы коммерциялық нысанның орнында ТМД кеңістігіндегі ең ірі әрі заманауи балалар ғылыми орталықтарының бірі жұмыс істемек.