6 тамызда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Оңтүстік округ бойынша Округтік соты Алматы қаласы мен «БТА Банк» АҚ пайдасына шешім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тыңдау барысында ұсынылған дәлелдерді зерделей келе, сот Ілияс Храпуновты сотты құрметтемеу айыбы бойынша кінәлі деп тапты.
Әділет министрлігінің мәліметінше, Храпуновқа бұған дейін 221 285 доллардан астам қаржыны төлеу міндеті жүктелген. Сонымен қатар, Федералдық судья Джон Г. Кёлтл оның өз активтері туралы тұрақты есеп беруді талап еткен сот шешімін әдейі орындамағанын анықтады. Бұл талап оған бұрын да сотты құрметтемеу фактісі үшін кінәлі деп танылғаннан кейін жүктелген болатын.
Жаңа сот қаулысына сәйкес, Ілияс Храпунов өз мүлкі және оған қарсы шығарылған сот шешімдерін орындау мақсатында жасалған әрекеттері туралы толық әрі жүйелі ақпарат беруге міндетті. Егер бұл талап орындалмаса, оған қосымша қаржылық айыппұлдар салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, Храпунов Алматы қаласы мен БТА банкке сотты құрметтемеуінен келген шығынды өтеуі тиіс.