Нұртөре Жүсіп АЭС бойынша референдумның маңызын атап өтті

Қаракөз Амантай 06 қаз. 2024 16:16 2225

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп АЭС құрылысына қатысты референдум туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бүгін Қазақстан халқы елдің болашағына әсер ететін маңызды таңдау жасады.

“Бүгін – бүкілхалықтық референдум! Ел ертеңіне қатысты аса маңызды шешім қабылданатын күн. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2024 жылғы 6 қазанда сағат 14.00-дегі жағдай бойынша, тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 51,77%-і бюллетень алған”, – деді ол.

Оның сөзінше, Қазақстан Республикасының “Республикалық референдум туралы” Конституциялық заңының 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс берсе, референдум өткен болып саналады.

“Бұл көрсеткіштен не ұғуға болады? Демек, халықтың басым бөлігі референдумға белсенді қатысып отыр. Республика азаматтары учаскелерге барып, өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асыруда. Елімізде соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалардың үлкен нәтижесі осындай маңызды шешімдер қабылдау кезінде айқын көрініп тұр”, – деп қосты Нұртөре Жүсіп.

Еске сала кетейік, дауыс беру тізіміне 12,3 миллионға жуық қазақстандық енгізілген.

Референдумға 30 шет мемлекет пен төрт халықаралық ұйымның (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) атынан 177 байқаушы қатысады.

Дауыс беру барысын 14 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, соның ішінде Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан орталық сайлау органдарының төрағалары да бақылап отыр.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 37 елден 200 шетелдік журналистерді аккредиттеді, олар да республикалық референдумды бақылап, ақпарат таратады.

Елімізде барлығы 10 323 сайлау учаскесі жұмыс істейді, сонымен қатар, 59 елде шетелдік мекемелерде ашылған 74 сайлау учаскесі бар. Референдум нәтижелері дауыс беру күнінен бастап жеті күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар