Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан «Шеврон» компаниясымен ерекше қарым-қатынас орнатты»

Dalanews 24 қар. 2017 05:38 842

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Уотсонды қабылдады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның «Шеврон» компаниясымен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Елбасы мұнай-газ саласына қатысты жобаларды бірлесе іске асырудың тиімділігіне тоқталып,  Джон Уотсонға осы жұмыстарды атқаруға қосқан үлесі үшін ризашылық білдірді. Компания басшысы Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының ынтымақтастық мәселелерін талқылап, оны әрі қарай дамытуға қатысты пікір алмасуға мүмкіндік  бергені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сізбен кездескеніме қуаныштымын. Біздің әріптестігімізге, міне, ширек ғасырдан асты және де бұл үшін өзіңізге алғыс айтқым келеді. Бұл екіжақты тиімді әріптестік деп санаймын.

Джон Уотсон, «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры:

– Президент мырза, жұмыс кестеңіздің тығыздығына қарамастан бізбен кездескеніңіз үшін тағы да Сізге алғысымды білдіремін. Осыдан 25 жыл бұрын тәуекелге бел буып, бізбен әріптестік орнатқаныңызды білемін. Сіздің сеніміңізді ақтауға біз барымызды салдық.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Иә, мұны жақсы білемін. Сіздерге әрдайым көмектесуге әзір тұратынмын. Жасырары жоқ, үлкен істерге келген мәселелер туындап жатады. Біз көршілеріміз арқылы экспорттаймыз. Мұны жеңілдету үшін Қытайға арнайы құбыр жүргіздік. Бәлкім, ендігі жерде Каспий теңізі арқылы немесе Түркия арқылы Еуропаға өтуіміз мүмкін. Қазір бұл мәселелердің барлығы шешілу үстінде.

Сондай-ақ Джон Уотсон Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының ынтымақтастық мәселелерін талқылап, оны әрі қарай дамытуға қатысты пікір алмасуға мүмкіндік туғызғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.

Кездесуде Джон Уотсон Мемлекет басшысына 2018 жылдың ақпан айынан бастап компанияның бас атқарушы директоры қызметін атқаратын Майкл Виртті таныстырды.

Джон Уотсон, «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры:

– Кездесуде Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан мен «Шеврон» компаниясы арасындағы табысты әріптестік арқасында қол жеткізген жетістіктерімізді еске алдық. Әсіресе «Теңіз Шевройл» компаниясының соңғы 25 жылдағы қызметі туралы сөз болды. Мәселен, 2016 жылы мұнай өңдеудің рекордтық көрсеткішіне қол жеткіздік. Биыл да бәрі ойдағыдай жүзеге асса, былтырғы көрсеткішті жаңартуды көздеп отырмыз.

Сондай-ақ әріптестікті одан әрі нығайтудың жаңа жобасы талқыланды. Оның құрылысына 35 мың Қазақстан азаматы жұмылдырылады. Жобаға салынатын инвестициялардың үштен бір бөлігі шамамен 37 млрд долларды құрайды. Бұл қаражат жергілікті қызмет пен өнімді сатып алуға жұмсалады.

Майкл Вирт, «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары:

– Мен үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен танысу – үлкен абырой. Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының арасындағы «Теңіз Шевройл» аясында көптеген жылдар бойы табысты әріптестік қалыптасты. Мен  келер жылдың басында жаңа қызметіме кіріскеннен кейін, компанияның бұрынғы басшылары сияқты әріптестікті одан әрі нығайту аясында қалтқысыз қызмет ететін боламын.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар