Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Оразалы Сәбден экс-президент Назарбаев ғалымдарға неге қарсы шыққанын айтты. Сондай-ақ, ол Заманбек Нұрқаділов көзі тірісінде қандай тұлға болғанын әңгімеледі, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оразалы Сәбденнің айтуынша, Назарбаев ғылыммен күрескен жоқ, ол қазақтың зиялыларымен күресті. Ал оның түп тамыры - ғалымдар.
"Ғалымдарға, ғылымға ҚР бірінші президентінің көзқарасы дұрыс болмады. Естеріңізде болса, баяғыда бір топ ғалым "Больше не будем молчать" деген мақала жазған болатын. Қазақстанның жаңаша дамуына демократиялық көзқарас ретінде (жазды - еск.). Ғалымдар алда не болатынын бірінші көріп отырады ғой. Содан басталды ғой деп ойлаймын. Екінші жағынан Қазақстанның астанасы Астанаға, Ақмолаға көшті ғой. Сол кезде бірінші бұл мәселені шешу үшін президент Жоғарғы Кеңестің Президиумын әкелді. Парламент қабылдау керек қой. Сонда Жоғарғы Кеңестің Президиум мүшесі - 13 адам. Ол кісі (Назарбаев - еск.) Асанбаевты алып келді. "Асанбаев баяндама жасайды" деді. Асанбаевты тыңдадық. Ол уақытта біздің көзқарасымыз тіке болатын, қазіргідей Президент, басқа деп (бөлмейтінбіз - еск.). Сонда ашық әңгіме болды. Біразы қолдады. Біраз кісі қарсы шықты. Стратегия жағынан қарағанда дұрыс шығар деп ойладық. "Бірақ халық қиналып отырғанда, күн көріс жағдайы қиын уақытта керек пе осы мәселе?" деген мәселе көтерілді. Міне, сол кездерде президенттің ғылымға деген көзқарасы дұрыс емес екені байқалды. Себебі Астанаға көшкенде кіммен қоштасады?! Зиялы қауыммен, ғалымдармен (қоштасады - еск.), бәрі Алматы ғой. Қазақстанның түкпір-түкпірі Алматыға қарайтын. Сол фактор әсер етті. Бұл - үлкен саяси мәні бар мәселе", - дейді ол.
Сондай-ақ, ғалым академияның жабылуы өкінішті жайт болғанын айтты.
"Академик Салық Зимановтан бастап талай рет президентке хат жаздық. Кейінгі хатымызда "Зиманов пен Сәбденов қоймайды. Мен барда Ұлттық ғылым академиясы мемлекеттікі болмайды" деген сөзді естіп қалдық. Шынында да, солай болды ғой. Ол барда болмады. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев келгеннен кейін Ұлттық ғылым академиясын қайтадан мемлекеттікі жасады", - деді ол "Демократиялы Қазақстанға" берген сұхбатында.
Оразалы Сәбден Назарбаев жүйесіне қарсы шыққан Нұрқаділовке қатысты да пікір білдірді.
"Ритц Паласта ас берді. Бір уақытта Болат Әбілов микрофонды алып, "сөйлеңіз" деді. Сонда "Заманбекті оймен ала алмағандар, оқпен алды" дедім. Мәселенің түп тамыры қайда жатыр?! Себебі Заманбекті жақсы білемін, ол істің адамы, айтты ма, істетеді. Бізге сол жетпей жатыр. Ашығын айту керек, істің адамы жетпей жатыр. Қазақтың патриоты. Қайраткер. Мен болсам, Заманбектің потенциалын пайдаланатын едім. Оған қарсы шықпай пайдаланамын. Мүмкіндігі бар адам ғой. Соны пайдалану керек. Қазақтың көре алмаушылық деген мәселесі осы күнге дейін қалмай келеді. Қайдан шыққан нәрсе?! Әр халықта да бар шығар. Нұрқаділов, шынымен де, мықты болды.
...Қасындағы отқа май салушылар толып жатыр ғой. Заманбектің тұяғына жарамайтындар жүр. Олар отқа май салмай ма?! Соның бәрі ушығады. Заманбектің характерін жақсы білемін. Ол оқ болса оқ, шоқ болса шоқ дейді. Содан бәрі шығып кетті. ...Әрине, жүйе, билік (өлтірді - еск.). Бұл - жүйенің тікелей принципі. Кім біліпті алда не болатынын?! Бір чемодан компромат шығып кетсе, не болып кететінін Құдай біледі", - деді Сәбден "Демократиялы Қазақстанға".