Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Жансейіт Қайнарбаевтың айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету, соның ішінде апатты үйлер мәселесін шешу мақсатында Отбасы банкі арқылы «Шаңырақ», «Наурыз», «Отау» бағдарламалары аясында 32 азамат тұрғын үй сертификатын алып, баспана кілтіне ие болды.
Жаңаөзенде және жақын маңдағы елдімекендерде ауыз су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыландыратын «Кендірлі» зауытының құрылысы жүріп жатыр.
"Қаладағы сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта «Қолданыстағы сумен жабдықтау және кәріз желілерін кеңейту» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба нәтижесінде су желілерінің тозу деңгейі 60%-дан 57%-ға, ал кәріз желілерінің тозу деңгейі 90%-дан 68,8%-ға дейін төмендейді. Сондай-ақ, Теңге ауылындағы су құбыры желілері 715,8 шақырымнан 723,4 шақырымға дейін артады", - деді Жансейіт Қайнарбаев.
Білім беру саласы бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Рахат ауылындағы №18 мектепке 300 оқушыға арналған жапсаржайдың құрылысы жүріп жатыр.
Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Рахат ауылының «Мерей» шағынауданында 1200 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандарды 2025 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.
Жеке инвестиция есебінен Қызылсай ауылында 500 оқушыға арналған бастауыш мектеп, ал «ӨзенМұнайГаз» АҚ қаражаты есебінен «Оқушылар сарайы» салынуда.
Жансейіт Қайнарбаевтың айтуынша, биыл Жаңаөзенде әлеуметтік нысандардың құрылысы, су және кәріз желілерінің тозуын төмендету, электрмен жабдықтау және автомобиль жолдарын салу бойынша бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Жиын барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындар үшін ең қажетті жобаларға басымдық беру керектігін атап өтіп, қаражатты мақсатты әрі тиімді пайдаланудың маңыздылығын ескертті.
Сондай-ақ, өңір басшысы Жаңаөзен қаласындағы қоқыс мәселесін қатаң сынға алып, қала әкімі Жансейіт Қайнарбаевқа шаһар аумағын, қасиетті орындарға апаратын жолдар мен олардың айналасын қоқыстан тазартуды тапсырды.